"Айлығым бұрынғы қызметіме қарағанда аз": Маңғыстау облысының әкімі жалақысы туралы айтты
Жарияланған күні:

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өзінің жалақысы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Нұрдәулет Қилыбай қазіргі жалақысы бұрынғы мұнай компаниясында алған айлығынан аз екенін мәлім етті.
"ӨзенМұнайГаз" компаниясын бір жарым жыл басқардым. Рас, айлығым жаман емес болды. Ол жерде кей қызметкерлер еңбек өтіліне қарай басшыдан да жоғары жалақы алатын кездер болады. Әрине қазіргі қызметтегі жалақым ол жақтағы айлығымнан аз. Бірақ менде оған реніш жоқ. Сұрақ келгесін жауап беріп жатырмын. Кешегі ереуілге шыққан азаматтардың кейбірінен менің жалақым аз",- деп жауап берді Нұрдәулет Қилыбай.
Брифинг барысында Маңғыстау өңірінің әкімі облыста 30-дан аса мұнай-газ компаниялары бар екенін атап өтті. Әкім мұнайшылардың жалақысы құпия ақпарат екенін айтып, өңірде қызмет жасап жатқан шетелдіктердің айлығы туарлы сұраққа да жауап бермеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2202762-manggystau-oblysynyng-akimi-ailygy-kei-munaishylardyng-zhalaqysynan-az-ekenin-malimdedi/