"Орташа баға – 322 теңге": Сауда министрлігінің өкілдері картоп бағасына қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:

Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері картоп бағасына қатысты мәлімдеме жасады. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы 322 теңге, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі кешенді жұмыстар атқарып жатыр.
Жыл басынан сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау бойынша 20 аймақтық комиссия өтіп, олардың барысында әлеуметтік маңызы бар өнім саналатын картопқа қатысты 49 заң бұзушылық анықталды. Анықталған барлық факті бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданатын болады", - делінген ведомство хабарламасында.
Сауда комитетінің мониторингіне сәйкес, бүгінгі күні Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы 322 теңге. Әлеуметтік дүкендер мен ӘКК серіктестерінде – елдің барлық аймағында картоптың көлемі жеткілікті және нарықтағы бағадан төмен сатылып жатыр.
"Аймақтардың тұрақтандыру қорларында жинақталған картопты сату жалғасуда. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейін жалпы көлемі 85,4 мың тоннаны құрайтын картоптың 23,6 мың тоннасы сатылды. Соңғы 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды, оның ішінде Алматы қаласында – 300 тонна, Шымкентте – 600 тонна, Түркістан облысында – 300 тонна және т.б. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорларында 62 мың тонна картоп бар.
Аталған шаралар ішкі нарықтағы бағаның төмендеуіне ықпал етті", - деп қосты министрлік өкілдері.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін елімізде картоп бағасының күрт өсуіне байланысты үшінші елдерге картоп жөнелту уақытша тоқтатылған еді.
Сондай-ақ Сауда және индустрия министрлігіне қарасты Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев картоп бағасына қатысты жағдайға түсінік беріп, картоп бағасы 500 теңгеге жетуі мүмкін бе, деген сауалға жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2213927-ortasha-baga-322-tengge-sauda-ministrligi-kartop-bagasyna-qatysty-malimdeme-zhasady/