Қаржы

Зектілері

"Бір адамға - 5 килограмм": Астанада картоп саудасына уақытша шектеу енгізілді

Жарияланған күні:

Читать на русском
картоп
Картоп. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астанада картоп сатуға уақытша шектеу енгізілді. Бірқатар сауда желілерінің дүкендерінде бір адамға 5 килограмнан артық картоп берілмейді, деп хабарлайды Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Астанада картоп бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шара қабылданды. Картоп тапшылығы жоқ. Қаладағы сауда желілері мен базар сөрелерінде картоп жеткілікті. Оның қоры уақытылы толықтырылып отыр.

Өнімді делдалдар көтермелеп сатып алып, әрі қарай үй маңындағы дүкендерге өткізбес үшін бірқатар сауда желілерінің бөлшек сауда нүктелерінде картопты сатуға уақытша шектеу енгізілді, енді бір адамға 5 килограмнан артық берілмейді", - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Бірнеше күн бұрын Павлодар дүкендерінде картоптың қымбаттағаны хабарланған болатын. Қала тұрғындарының айтуынша, сауда орындарында картоптың бір килограмы 200 теңгеден де қымбат сатылып жатыр. Ал шенеуніктер тұрақтандыру қорындағы көкөніс бағасы бекітілгенін айтқан болатын.

Сондай-ақ Қазақстанда көкөніс бағасының күрт өсуіне байланысты үшінші елдерге картоп экспортын алты айға шектеу туралы шешім қабылданған.

Бұған дейін Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев үкімет кулуарында картоптың қымбаттауына қатысты ойын айтып, бағаның 500 теңгеге дейін көтерілу ықтималдығы туралы пікір білдірді.

Кейін Сауда және интеграция министрлігі өкілдері Қазақстанда картоп бағасының төмендегенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, көкөністің бір килограмының орташа бағасы – 322 теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2214534-bir-adamga-5-kilogramm-astanada-kartop-saudasyna-uaqytsha-shekteu-engizildi/