Қаржы

Зектілері

Алматы әуежайының президенті билет бағасына қатысты жолаушылар шағымына жауап берді

Жарияланған күні:

Алматы әуежайы 2
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе әуе билеттері бағасының жоғары болуына "әуежай шығындарының әсері бар" делінген желідегі ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әуежайдың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Желіде тараған ақпаратта билет бағасына әсер ететін өзге де факторлардың арасында әуежай қызметін көрсету құны көп екені айтылған, алайда бұл ретте әуежай өкілдерінің көзқарасы басқаша. Әуежай президенті бұған қатысты пікір білдірді.

"Біз бұл мәселеге қатысты нақты, дұрыс ақпарат бергіміз келеді.

Біріншіден, әуежайлар, соның ішінде халықаралық Алматы әуежайы авиабилеттерге баға қалыптастыруға араласпайды.

Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI World) атап өткендей, әлемдік ауқымда әуежай алымдары авиакомпаниялардың жалпы шығындарының тек 4 пайызы. Біздің нарықта Қазақстанның ішкі авиакомпаниялары Азиядағы ең төмен әуежай алымдарының бірін пайдаланады, бұл елдің авиациялық секторы үшін айтарлықтай артықшылық болып саналады. Бұдан бөлек олар үшін жергілікті авиациялық отын төмен бағада тікелей қолжетімді", - дейді әуежай президенті.

Алматылық әуежай өкілдері авиация халықаралық деңгейде де, Қазақстанда да жоғары реттелетін сала екенін және Алматы халықаралық әуежайын басқарушы компания ең жоғары стандарттар мен жергілікті заңнаманы қатаң сақтайтынын айтады.

Алматы әуежайы президенті әуежай билет бағасының жоғары болуына жауапты деген тұжырымды жоққа шығарды.

"Шын мәнінде әуежайлар бетпе-бет келетін экономикалық қиындықтарды ескерер болсақ, көп жыл бойы инфрақұрылымға инвестиция аз салынды. Бұл өз кезегінде объектілер мен қызметтерді дамыту мен жаңғыртуды қиындатады. Дегенмен біз жолаушылар үшін жоғары қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін қамтамасыз етуді жалғастырамыз.

Авиациялық отын авиакомпаниялардың шығындарының едәуір бөлігін құрайтынын түсінеміз және бұл құбылыс бүкіл әлем бойынша барлық авиатасымалдаушыларға тән.

Алайда Қазақстанның жағдайы әлемдік практикадан еш айырмашылығы жоқ екенін атап өту маңызды. Авиакомпаниялар шығындарды басқарудың түрлі тетіктерін пайдалана отырып, билеттердің бағасын оңтайландыра алады. Бұл ретте әуежайлардың қаржылық жағдайының нашарлауы авиакомпаниялар үшін де, жолаушылар үшін де жағдайды жақсартуға ықпал етпейді.

Біз барлық мүдделі қатысушыларды, оның ішінде мемлекеттік органдарды саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған шешімдерді іздеуге шақырамыз. Ол үшін әуежайлардың азаматтық авиацияны дамытуға қосқан үлесін қоса алғанда, барлық аспектілерді ескеру және кешенді және орнықты шешімдерді әзірлеу үшін сындарлы диалогта жұмыс істеу қажет", - деді Гокер Косе.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда басқарушы компания Алматы әуежайындағы жаңа терминал мен нысандардың құрылысына 200 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салған.

Нәтижесінде 2024 жылы Алматы әуежайы рекордтық 11,4 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Сондай-ақ жаңа бағыттар ашылып, жаңа авиакомпаниялар тартылған.

Осы ретте әуежай басшысы барлық тараппен Қазақстанның авиациялық саласын дамытуға байланысты мәселелерді шынайы және ашық талқылауға дайын екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2215706-almaty-auezhaiynyng-prezidenti-bilet-bagasyna-qatysty-zholaushylar-shagymyna-zhauap-berdi/