Қаржы

Зектілері

"Іс жүзінде бізде орта бизнес бар, заң жүзінде жоқ": Алматыда ҚҚС шегін төмендету бойынша бизнес өкілдерімен кездесу өтті

Жарияланған күні:

Серік Жұманғарин Алматыда бизнес өкілдерімен кездесуде
Серік Жұманғарин Алматыда бизнес өкілдерімен кездесуде. Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда бизнес өкілдерімен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуге ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен бөлек, қаржы министрі Мәди Такиев, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, туристік компаниялар және басқа да салалық бизнес бірлестіктері, 50-ден астам ірі және шағын бизнес өкілдері тәуелсіз сарапшылар қатысқан.

Кездесуде кәсіпкерлер көтерген негізі мәселелер – ҚҚС бойынша тіркеу бойынша шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және арнайы B2C режимдегі қызмет түрлерінің аясын тарылту.

"Жыл сайын мемлекет ҚҚС бойынша есепке қоюдың жоғары шегіне байланысты бизнесті бөлшектеуден шамамен 800 млрд теңге табыс салығын жоғалтады. Іс жүзінде бізде орта бизнес бар, бірақ заң жүзінде жоқ. Бұл тетіктерді енгізу – ҚҚС бойынша есепке қою шегін төмендету және жеңілдетілген арнайы режим тек B2C – бұл кәсіпкерлікке қарсы күрес емес, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Салық төлейтін адам төлемейтіндермен адал бәсекелесе алмайды. Ал әділ салық салуға ұмтылуда бизнесті жаппай қолдаусыз мемлекеттік органдар көлеңкелі экономикамен толыққанды күресе алмайды", - деді Азамат Әмрин.

Сондай-ақ кездесуде еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту бойынша сауалдарға да жауап берілген. Кәсіпкерлердің әлеуметтік салықты және міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді жою бөлігінде бұрын ұсынылған реформа ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайызға дейін көтерілген жағдайда жүргізілуі мүмкін екендігі атап өтілген. Онда мемлекет жұмыс берушінің орнына әлеуметтік аударымдарды жабуға кіріс алады.

Бірақ қазіргі уақытта ұсынылып отырған 16 пайыз ҚҚС мөлшерлемесімен әлеуметтік аударымдарды өзгеріссіз қалдыру ұсынылады.

Кездесуде спорт клубтары, ақпараттық қауіпсіздік, медицина, жеңіл өнеркәсіп, туризм және басқа да салалар бойынша бизнес өкілдері сөз сөйлеген.

Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, барлық ұсыныс салық реформасы жобасын мәжілістің қарауына шығарар алдында үкіметтегі жұмыс топтарында қаралатынын атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2220230-qqs-shegin-tomendetu-zhane-tek-b2c-ushin-zhengildetilgen-rezhim-serik-zhumangarin-almatyda-biznes-okilderimen-kezdesti/