Қаржы

Зектілері

Қазақстанда министрлер, депутаттар және әкімдердің жалақысы қандай

Жарияланған күні:

Читать на русском
Қалтасына ақша салып тұрған адам
Қалтасына ақша салып тұрған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2024 жылы Қазақстанда министрлер мен олардың орынбасарларының орташа жалақысы 1,5 млн теңге, сенат пен мәжіліс депутаттарының орташа жалақысы 1 млн теңгеден аса, ал әкімдердің кірісі 443 мың теңгеден 1,7 млн теңгеге дейін болған. Бұл туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда орташа айлық жалақы 2024 жылдың төртінші тоқсанында айтарлықтай өсіп, 434 982 теңгеге дейін барды. Алайда жалдамалы жұмысшылардың бәрі бірдей мұндай соманы ала бермейді.

Орташа жалақы аймаққа байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен Алматыда бұл көрсеткіш дәл сол кезеңде 500 мың теңгеден асты. Кәсіп түрі пен лауазымға қарай да айырмашылық бар.

Әр салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың табысын Ұлттық статистика бюросының жылдық есебінен білуге болады. Онда кәсіпкерлікпен айналысатын шағын субъектілердің қызметкерлерін қоспағанда, 2024 жылдың сәуірінде жалдамалы жұмыс істеген қызметкерлердің еңбекақысын зерттеу нәтижелері көрсетілген.

Атап айтқанда, мұнда министрлер, депутаттар мен әкімдердің орташа айлық жалақысы туралы мәлімет берілген.

Министрлердің жалақысы қанша

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстан Республикасының премьер-министрі, оның бірінші және басқа да орынбасарлары орта есеппен 2 460 301 теңге жалақы алады.

Ал министрлер мен министр орынбасарларының орташа жалақысы 1 520 180 теңге.

Депутаттар қандай жалақы алады

Ұлттық статистика бюросы келтірген деректерде сенат депутаттарының жалақысы - 1 132 500 теңге, ал мәжіліс депутаттары айына – 1 257 040 теңге деп көрсетілген.

Мемлекеттік биліктің заң шығарушы (өкілді) органының депутаттары орта есеппен 719 051 теңге алады.

Әкімдер қандай жалақы алады

Жергілікті атқарушы орган басшыларының кіріс айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ олардың орынбасарлары орта есеппен 1 689 856 теңге жалақы алады.

Облыс орталығы болып саналатын қала әкімдерінің орташа жалақысы 836 900 теңге.

Облыстық маңызы бар басқа қалалар, аудандар және қалалардағы аудан әкімдерінің жалақысы – 1 099 549 теңге.

Ал аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтерде жергілікті атқарушы орган басшылары орта есеппен 443 046 теңге жалақы алады.

Басқа мемлекеттік қызметкерлер қандай жалақы алады

Мемлекеттік қызмет болып саналатын басқа да лауазымдардың ішінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот кеңесінің төрағасын атап өтсе болады, оның жалақысы – 1 066 600 теңге.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы мен мүшелері орташа есеппен 486 000 теңге, Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары – 1 108 638 теңге, Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілері – 515 617 теңге жалақы алады.

Еске салайық, Ұлттық статистика бюросының сол зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы жалдамалы жұмысшылардың көбі 300 мың теңгеден төмен жалақы алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2220567-qazaqstanda-ministrler-deputattar-zhane-akimderding-zhalaqy-molsheri-qandai/