Қосымша құн салығын енгізу Қазақстанда тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді
Опубликовано:
Читать на русском
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәжіліс кулуарында құрылыс саласына қосымша құн салығын енгізу Қазақстандағы баспана нарығына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазір инфрақұрылымдық жиын талқыланып жатыр, ол бойынша түпкілікті шешім жоқ. Бірақ менің ойымша, қосымша құн салығын салған дұрысырақ болар еді", - деді вице-министр Азамат Әмрин.
Ол бұл норманың қажет екенін құрылыс саласының көлеңкелі экономикаға қосқан үлесімен түсіндіріп отыр.
"2023 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 135 трлн теңге болды. Оның ішінде көлеңкелі экономика – 17,5 пайыз. Бұл ресми статистика, соған қарап шамалайық. 135 трлн теңгенің 17,5 пайызы – 20 трлн теңге. Бұл көлеңкелі экономиканың көлемі. Ал осы көлеңкелі экономиканың құрылымына келсек, топ-5 сала қатарында: көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және білім беру", - деді вице-министр.
Азамат Әмриннің айтуынша, ҚҚС енгізу аталған салаларды "көлеңкелі экономикадан шығаруға" мүмкіндік береді. Бұл ретте ол қосымша құн салығы тұрғын үй нарығына да әсер ететінін айтады.
"Әрине, бағасы қымбаттайды, біз оны түсінеміз. Барлық тауардың, әсіресе азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы көтеріледі", - деп түйіндеді сөзін Әмрин.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2222078-qosymsha-qun-salygyn-engizu-qazaqstanda-turgyn-ui-narygyna-qalai-aser-etedi/