ҚҚС мөлшерлемесі – 16 пайыз: Салық кодексінің жобасына енгізілетін жаңа түзетулер қандай тетіктерден тұрады
Жарияланған күні:

Салық кодексінің жобасына енгізілетін жаңа түзетулер мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, 27 ақпанда парламент мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде Салық кодексі жобасына енгізілетін түзетулердің жаңа топтамасы талқыланған.
Дөңгелек үстел жұмысына Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Туризм және спорт министрліктерінің және басқа да министрліктердің, Экономикалық зерттеулер институтының, Ұлттық банктің, Қаржы нарықтарын реттеу агенттігінің, "Атамекен" ҰКП және басқа да ұйымдардың өкілдері, экономистер қатысқан. Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Әмрин сөз сөйлеген.
Осы орайда Экономика министрлігінің өкілдері жаңа түзетулер қандай тетіктерден тұратынын тағы еске салды:
- жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі – 16 пайыз;
- агроөнеркәсіптік кешенді ҚҚС-дан толық босату;
- бірқатар салада – денсаулық сақтауда 10 пайыз аралық мөлшерлеме;
- есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету.
Сондай-ақ жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін қайта қарау ұсынылады. Ұсынылған жеңілдетілген декларация режимі бойынша табыс шегі 600 мың АЕК (2 359 млн теңге) көлемінде, ал мөлшерлеме (мәслихаттар арқылы 50 пайызға төмендету мүмкіндігі бар) 4 пайыз деңгейінде сақталған жағдайда мынадай өзгерістер ұсынылады:
- қызмет түрлерін қысқарту және тек B2C сегментінде жүзеге асыру;
- қызметкерлер саны бойынша шектеулерді алып тастау;
- егер сатудан түскен табыс жылына 100 млн теңгеден асатын болса, ЕТҚ-ны (Еңбекақы төлеу қоры – ред. ескертпесі) шегеру.
"Салық кодексінің жобасында қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, салық түсімдерінің өсуі жыл сайын 4-5 трлн теңгені құрайды деп күтеміз. Салықты көтерудің ықтимал инфляциялық әсері қысқа мерзімді болатынын және жыл ішінде таусылатынын атап өту маңызды. Бюджет-салық реформасының негізгі мақсаттары – үш негізгі сын-қатерді шешу: экономикалық проблемалар, бюджет тапшылығы және салықтық моральды нығайту", - дейді Азамат Әмрин.
Оның айтуынша, ел бюджетіне түсетін түсімдердің өсуі мемлекет алдында тұрған даму міндеттерін шешуге, Ұлттық қордан алуды шектеуге, мемлекеттік борыш пен оған жұмсалатын шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Алынған қосымша кірістер мыналарға мүмкіндік береді:
- ұлттық қорға тәуелділікті азайтады;
- мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетеді;
Ал қосымша ресурстар инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібі мен қорғанысты дамытуға, инвестициялық жобаларды кредиттеуге, даму институттарын дамытуға, ТКШ, жылу-энергетикалық жүйені жаңғыртуға бағытталады.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов қосылған құн салығын көтеруді, оның орнына жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төмендетуді ұсынған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2224379-qqs-molsherlemesi-16-paiyz-salyq-kodeksining-zhobasyna-engiziletin-zhanga-tuzetuler-qandai-tetikterden-turady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде