Қаржы

Зектілері

Тоқаев қатысқан үкімет отырысында қосылған құн салығын көтеру талқыланды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Салық есептеп отырған адам
Салықтарды есептеп отырған адам. Көрнекі фото: krisanapong detraphiphat/Getty Images

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарнасын төмендетіп, қосылған құн салығын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Салық жүйесі мемлекетті қажетті инвестиция көлемімен қамтамасыз етпей ғана қоймай, кәсіпкерлерге де әділетсіздік танытып отыр. Негізгі салық ауыртпалығы еңбекақы қорына, демек, өзіндік құнға түседі. Тауар сөреге түспей жатып-ақ кәсіпкер салықтың көп бөлігін төлеуге мәжбүр.

Үкімет еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты сатуға аудару арқылы азайтуды ұсынып отыр. Ол үшін қосымша құн салығын арттырып, бір мезгілде әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы төлемдерін азайту қажет", - деді премьер-министр Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық резерв жасайды.

"Еңбекақы қорына түсетін салмақты азайту бизнеске адамдардың жалақысын ұлғайтуға мүмкіндік береді, қосымша салық түсімдері экономикадағы өсімді ынталандыруға, Қазақстандағы басымдыққа ие болашағы бар бизнес жобаларды қолдауға бағытталады;

Өзіңіз тапсырғандай, Ұлттық қордан тек ірі инфрақұрылымдық нысандарды салуға ғана қаражат сұралатын болады. Бұл ретте біз мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, бюджеттік тәртіпті күшейтеміз", - деп түйіндеді сөзін премьер-министр.

Осы ретте премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгінде тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеушінің ішінде 137 700 кәсіпкерлік субъектісі ғана ҚҚС төлейтіндер екенін атап өтті.

"Бұл жалпыдан 6 пайызы ғана. Олардың 88 мыңы ғана ҚҚС төлейді, немесе салық төлеушілердің 4 пайызы. Оның бір себебі – ҚҚС бойынша тіркеудің шегі жоғары. Қазіргі кезде ол 78 млн теңге.

Біз қосылған құн салығы шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отырмыз. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес субъектілерінің 88 пайызы осы шекте жұмыс істейді. Сондықтан бұл сегментке айтарлықтай әсер етпейді деп есептейміз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде шек одан да төмен, ал кейбір жетекші экономикаларда ол тіпті нөлге тең. Осының арқасында ҚҚС есепке алынатын салыққа айналады. Қосымша 300 мың жаңа салық төлеуші пайда болады", - деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жүргізу қажет екенін және бұл мәселеде күмән жоқ екенін, бірақ қоғам мен халыққа, мысалы, әлеуметтік салықты әкімшілендіру қалай жүзеге асырылатынын түсіндіру қажет екенін айтты.

"Осының барлығын талқылап, бұл реформаны қалай жүзеге асыру керегі туралы ойлану керек. Жалпы, бұл реформаны құптаймын, бірақ оны талқылау және зерттеу қажет. Қазіргі таңда мәжілісте Жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Бұл жақсы нәтиже, бірақ 2025 жылы бірінші кезекте Салық және Бюджет кодексіне назар аудару қажет.

Сондықтан, жұмыс істеңіздер, реформа қажет екенін растаймын, бірақ қазір Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қысқарту, оның жинақтау функциясын күшейту керек, қорда жиналған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсауға болады. Осылайша біз дамуға күш саламыз", - деді мемлекет басшысы.

Ол әлеуметтік салықты өте мұқият ойластыру керегін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2215775-toqaev-qatysqan-ukimet-otyrysynda-qosymsha-qun-salygyn-koteru-talqylandy/