Қаржы

Зектілері

Қазақстанда жұмыртқа импортына уақытша тыйым салынды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Жұмыртқа
Жұмыртқа. Көрнекі сурет: Klaus-Dietmar Gabbert/picture alliance via Getty Images

Қазақстанда елге тауық жұмыртқасын әкелуге алты айға тыйым салынды. Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі қол қойды, деп хабарлайды министрлікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Бұл тыйым үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен көліктің барлық түрімен әкелінетін жұмыртқа импортына қатысты екені атап өтілді.

"Қазақстан аумағына тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы" Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 101 бұйрығымен Қазақстан аумағына барлық көлік түрімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқаларын (СЭҚ ТН: 040721) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды", - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кету керек, бұл тыйым Қазақстан аумағы арқылы тауық жұмыртқаларының транзитіне, сондай-ақ олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан аумағы арқылы өтуіне қатысты қолданылмайды.

Министрлік тағамдық жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілгенін алға тартты.

"Осы кезеңдерде жұмыртқаға сұраныстың төмендеуі байқалады, нарықтың қажеттіліктері өнеркәсіптік өндіріс арқасында және үй шаруашылығы өнімдерінің нарықта белсенді болуы арқылы толығымен жабылады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді. Бағаның өзіндік құннан төмен түсуі кәсіпорындардың рентабельділігіне теріс әсер етеді.

Сондай-ақ осы кезеңде жұмыртқаны сақтау мерзімі қысқарады, бұл ретте технологиялық ерекшеліктерге байланысты жұмыртқа өндіру көлемі азаймайды, бұл қоймаларда тауардың артық жиналуына әкеледі.

Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда көктемгі-жазғы кезеңге барлық көлік түрімен тауық жұмыртқаларын Қазақстан аумағына әкелуге уақытша шектеу шараларын белгілеудің орындылығы мақұлданған болатын", - деп қосты министрлікте.

Бұйрық 2025 жылғы 9 сәуірден бастап күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2234240-qazaqstanda-zhumyrtqa-importyna-uaqytsha-tyiym-salyndy/