Болашаққа 55 млн еуродан аса қаражат: SANTO Қазақстанда фармацевтиканы қалай дамытып жатыр
Жарияланған күні:

2 сәуір күні SANTO Member of Polpharma Group фармацевтикалық компаниясы мен Kazakh Invest ұлттық компаниясы меморандумға қол қойды. Аталған келісім аясында фармкомпания Қазақстандағы науқастарды өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында 55 млн еуродан астам көлемде инвестиция салмақ. Ынтымақтастықтың толық мәліметін NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.
10 жылға жоспарланған меморандум аясында инвестициялар екі негізгі бағыттағы дәрі-дәрмек өндірісіне бағытталады: диабетология, онкология және басқа да бағыттар. Бұл салалар Қазақстан халқы үшін басым бағыттар ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып анықталған.
"Мұндай аурулар тамақтану әдеттері өзгеріп жатқан Қазақстан секілді елдерде барған сайын кең таралып жатыр. Бұрынғы дәстүрлі дағдылар өзгерді, себебі өмір салты түбегейлі ауысты: жаңа өнімдер мен тағамдар қолжетімді болды. 20 жыл бұрын семіздік пен диабет айтарлықтай проблема емес еді, ал қазір бұл күрделі проблемаға айналуы мүмкін", — деді Polpharma тобының бас директоры, SANTO компаниясы құрамына кіретін Маркус Зигер.
Компания Қазақстанда шамамен 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде олар 120 млн АҚШ долларына жуық инвестиция құйып, отандық фармацевтикалық өндірісті халықаралық GMP стандарттарына сай дамытуға үлес қосты.
"Біз өзімізді Орталық және Шығыс Еуропа, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау жүйесінің серіктесі ретінде көреміз. Сондықтан бұл серіктестікке ұзақ мерзімді инвестиция салуды өзіміздің басты мақсатымыз деп санаймыз. Қазақстан мен Орталық Азия тобымыздың жалпы табысының шамамен 12 пайызын алып отыр. Бұл — біз инвестиция салғымыз келетін негізгі өсім аймақтарының бірі", — деп атап өтті Зигер.
Еуропалық GMP сертификаты: сапаның жаңа деңгейі

Polpharma тобының маңызды инвестицияларының бірі — Шымкенттегі SANTO зауыты жанынан сапаны бақылау және микробиология зертханаларын, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және сынақ орталығын қамтитын Инновациялар және сапа орталығын салу болды. Жақында зауыт Еуропалық Одақтың инспекторатынан өтетін Good Manufacturing Practice (GMP) инспекциясын аяқтады:
"Біз GMP аудитінен өттік, барлық құжаттарды тапсырдық және сенімді түрде айта аламыз — сертификат аламыз. Біз Орталық Азияда еуропалық GMP стандартына сай сертификация алған алғашқы фармөндіруші боламыз. Бұл еліміздегі пациенттер үшін ең жоғары сападағы өнімдерді жеткіземіз деген сөз. Қазақстан үшін бұл экспорт тұрғысынан да маңызды, себебі осы сертификат арқылы өнімді түрлі нарықтарға шығара аламыз", — деді Зигер.
Бұл сертификат алынғаннан кейін компания медицина қауымдастығының сенімін де арттыруды көздеп отыр, өйткені фармацевтика саласындағы сапа — басты көрсеткіш.
Компания өкілдері атап өткендей, бұл мақсатқа жетуге 5 жыл уақыт кеткен. Қазір Шымкенттегі зауыт — халықаралық деңгейдегі заманауи фармацевтикалық өндіріс орны. Компания мәліметінше, еліміздегі МӘМС аясындағы әр бесінші дәрі қаптамасы және жедел жәрдем қобдишасындағы дәрілердің басым бөлігі осы SANTO зауытында өндіріледі.
Жаһандық үрдістер: өндірісті жергіліктендіру және салауатты өмір салты
Дәрі-дәрмек пен медициналық жабдық өндірісін локализациялау — бүгінде бүкіл әлем бойынша жаңа трендке айналды. COVID-19 пандемиясы кезінде өз фармөндірісі жоқ елдердің дағдарысқа төтеп бере алмайтындығы анықталды.
"Соңғы 30 жылда барлық шикізат өндірісі дерлік Қытай мен Үндістанда шоғырланғандықтан, бұл елдерге тәуелділік сақталады. Алайда өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмекті ел ішінде немесе оған жақын жерде өндіру – орынды шешім. Бұл тұрғыда Қазақстан үкіметі ақылмен әрекет етіп жатыр. Себебі сіздер бұл жерде нақты адамдарға қажет өнім шығаратын жергілікті өндірісті қалыптастырып отырсыздар", — деді Маркус Зигер.
Оның айтуынша, Polpharma тобының мақсаты – тек адамдарды емдеу ғана емес, сонымен қатар олардың салауатты әрі сапалы өмір сүруіне көмектесу.
"Қазір адамдар денсаулығына мүлде басқа көзқараспен қарайды, олар сау өмір сүруді қалайды. Тамақтануға, спортқа, жалпы салауатты өмір салтына жауапкершілікпен қарайды. Біз шылым шегудің, алкоголь тұтынудың азайып жатқанын байқаймыз", — дейді Зигер.
Салауатты өмір салты фармацевтика саласын жаңа бағытқа жетелеп, бейімделуге мәжбүр етіп отыр. Көптеген адам биологиялық белсенді қоспаларға, дәрумендерге қызығушылық танытып, аурудың алдын алуға ден қоя бастады.
Алайда бұл үрдіске қарамастан, фармацевтикалық индустрияның қауіпсіз әрі тиімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ретіндегі рөлі өзгермейді. Polpharma мен SANTO сияқты компаниялар салауатты өмір салты бағытындағы инновациялар мен ауыр ауруларға қарсы жаңа дәрілерді жасау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады.
*Фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасында лицензияланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2235558-bolashaqqa-55-mln-eurodan-asa-qarazhat-santo-qazaqstanda-farmatsevtikany-qalai-damytyp-zhatyr/