Қазақстанда жол құрылысы тек цифрлық теңге арқылы қаржыландырылмақ
Жарияланған күні:
Читать на русском
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда жол құрылысы тек цифрлық теңге арқылы қаржыландырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды үкіметке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанда автожол саласындағы барлық жоба "Цифрлық теңге" бағдарламасы арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қаражатты мақсатсыз пайдалануға қатысты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі сұраққа жауап бере отырып, Нұрлан Сауранбаев теміржолдағы ірі жобаларды жүзеге асыру цифрлық теңгеге ауыстырылғанын хабарлады. Мұндағы қаржыландырудың бүкіл процесін Ұлттық банк реттейді. Сондықтан да бұл қаражатты нақты мақсатына сәйкес жұмсауға мүмкіндік береді.
"Автожолдарға келетін болсақ, біз Павлодар мен Атырауда екі жоба бойынша осындай пилоттық жобаны бастадық. Қазірдің өзінде баға айырмашылығын сезініп отырмыз. Біз автожолдар бойынша барлық жобаны цифрлық теңге арқылы жүзеге асыратын боламыз. Осындай бақылаудың арқасында ақша мақсатсыз жұмсалмайтын болады", - деп атап өтті министр.
Спикер осы жүйенің арқасында қаражатты аударудың барлық процесі ашық және бақылау оңай болатынын түсіндірді. Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп мұның бәрі қатаң бақыланады.
"Цифрлық теңге" дегеніміз, бұл – үлкен бағдарлама. Премьер-министр тиісті жиын өткізіп, тапсырма берді. Пилоттық бағдарлама іске қосылды. Жол картасы бойынша мерзімдер белгіленді. Біз құрылыс жұмыстары цифрлық теңге арқылы жүзеге асырылуға тиіс деген шарт қоямыз. Бұл басқа жерге ақы төлеуге мүмкіндік бермейтін жүз пайыз ашықтықты қамтамасыз етеді", — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2276924-qazaqstanda-zhol-qurylysy-tek-tsifrlyq-tengge-arqyly-qarzhylandyrylmaq/