Теміржол тарифтері қайта қаралады: бизнес пен тұтынушыларға не өзгереді
Опубликовано:
Теміржол тасымалы тарифін көтеру мәселесі уақытша тоқтағанымен, бұл тақырып төңірегіндегі пікірталас басылар емес. ҚТЖ тарифті көтеру – бұл теміржол жүйесін жаңарту үшін қажет қадам дейді. Бизнес бұл бастаманы қолдайды, бірақ есептеудің әділ жүргізіліп, барлық тараптың мүддесі ескерілгенін қалайды. Тараптар ортақ шешімге 2026 жылдың наурызына дейін келуге тиіс. Компания не себепті тарифті өзгерткісі келеді және бұл қадамның салалары мен тұтынушыларға қалай әсер етуі мүмкін екенін NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Неліктен ҚТЖ тарифтерді қайта қарауды ұсынады
"Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы 2026-2030 жылдар аралығында магистральдық теміржол желісі қызметтерінің тарифтерін кезең-кезеңімен өсіруді жоспарлап отыр. Ұсыныс мақұлданса, ең көп қымбаттайтын тасымал түрі жаппай жүк өнімдері болады. Оның ішінде көмір тасымалы шамамен 90 пайыз, астық – 69 пайыз, темір кені – 71 пайыз, химиялық және минералдық тыңайтқыштар мен түсті кендер – 84 пайыз, ал бос вагондардың айналымы – 63 пайыз қымбаттауы мүмкін.
Тариф өсімінің негізгі бөлігі 2026 жылға, шамамен 38 пайыз мөлшерінде жоспарланып отыр. Сонымен қатар компания алдағы жылдары тарифті бастапқы деңгейінен үш есеге дейін арттыру мүмкіндігін бекітуді ұсынып отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі тарифтер теміржол қызметтің өзіндік құнын өтеуге және инфрақұрылымды дамытуға қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Мәліметтерге сәйкес, жүк тасымалының шамамен 72 пайызы өзіндік құнынан төмен бағамен орындалады. Ал жолаушылар бағыттары негізінен транзиттік табыстың есебінен субсидияланып отыр.
2026-2030 жылдарға арналған тарифтерді қайта қарауға түрткі болған негізгі себептер қатарында шығындардың өсуі, материалдар мен жанармайдың, электр энергиясының қымбаттауы, өндірістік қызметкерлердің орташа жалақысының өсуі, сондай-ақ жол, вагон мен локомотивтерді күрделі жөндеу және жаңғырту қажеттігі. Бұған қоса, компания шығындарына айтарлықтай салмақ түсіріп отырған ірі инфрақұрылымдық жобалар да бар. Солардың ішінде "Мойынты–Қызылжар", "Дарбаза–Мақтаарал", "Алтынкөл–Жетіген", "Бақты–Аягөз" теміржол желілерінің құрылысы және басқа да бастамалар бар.
Компания өкілдерінің айтуынша, ірі жобаларды қаржыландыру мен теміржол жүйесін жаңарту үшін тұрақты әрі сенімді табыс көзі қажет. ҚТЖ-ның пікірінше, тарифтерді қайта қарау тасымал процесінің тұрақтылығын сақтап, теміржол желісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Егер тарифтер (әсіресе көмір, астық және кен тасымалына қатысты) қайта қаралмаса, сала алдағы бес жылда өзін-өзі ақтай алмайды. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымның тозуына және оның біртіндеп деградациясына әкелуі мүмкін.
Бизнес: тиімділік жоғары болса, ережелер де ашық болуы керек
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы теміржол саласын жаңарту қажеттілігін қолдай отырып, жаңа тарифтік әдістемені әзірлеу кезінде ашықтық пен айқындықтың маңыздылығын атап өтеді.
"Теміржолды жаңарту қажет екені сөзсіз. Бұл – уақыт талабы. Дегенмен тарифті қалыптастыру тәсілі нарық қатысушыларына түсінікті болып, бизнес өкілдерінің қатысуымен дайындалуы маңызды. Бұл ҚТЖ-ның ішкі тиімсіздігін тұтынушылар есебінен өтеу тәуекелін азайтады", - дейді "Атамекен" ҰКП өкілдері.
Палата өкілдерінің пікірінше, жаңа тарифтік саясатты әзірлеу кезінде ҚТЖ ішкі қаржылық ағындарды қайта бөлу, шығындарды оңтайландыру және заманауи басқару тәсілдерін енгізу арқылы тиімділікті арттыра алады. Бұл тарифтерді шамадан тыс өсірмей, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
"Тарифтің көтерілуі қызмет сапасының жақсаруымен қатар жүруі керек. Вагон мен локомотивтердің қолжетімділігі артып, күту уақыты азайса, бизнес те, тұтынушылар да өздерінің не үшін төлеп отырғанын нақты көреді. Егер тариф тек өткен шығындар мен қарыздарды жабу үшін өсіп, қызмет сапасына әсер етпесе, бұл орынды сұрақтар туғызады", - дейді ұлттық палата өкілдері.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшыларының пікірінше, тарифті қалыптастыруда теңгерімді тәсілді ұстану – бизнестің бәсекеге қабілеттілігін сақтап қана қоймай, елдің көлік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ұлттық палата өкілдері теміржол тасымалы тарифтерінің жоспарланған өсуі стратегиялық маңызды салалар – ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургиясы, химия және энергетика үшін тасымал құнын айтарлықтай арттыруы мүмкін деп қауіптенеді.
"Теміржол тарифтерінің көтерілуі қазақстандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, отандық экспорттаушылардың ұстанымын әлсіретуі және қайта өңдеу саласына инвестиция тарту тартымдылығын азайтуы мүмкін",- дейді "Атамекен" сарапшылары.
Сонымен қатар палатада тарифтің өсуі тек ірі компанияларға ғана емес, шағын және орта бизнеске де әсер ететінін, ал бұл өз кезегінде тұтынушыларға да салмақ түсіретінін айтады.
"Мысалы, егер өңдеуші кәсіпорындарға арналған шикізатты тасымалдау құны өссе, бұл өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеледі. Сондай-ақ көмір тасымалының қымбаттауы тұрғындар үшін тұрмыстық көмір бағасын арттырып, коммуналдық қызметтердің, оның ішінде жылыту, ыстық су мен электр энергиясының тарифтерінің өсуіне және инфляцияның жеделеуіне себеп болуы мүмкін. Қазірдің өзінде жоғары инфляция елдегі ең өзекті экономикалық мәселелердің бірі болып отыр", - дейді ҰКП өкілдері.
Сарапшы: тиімділіктің өсуі тариф өсімінен ілгері болуы тиіс
Экономист Ануар Нұртазиннің айтуынша, теміржол тарифтерін көтеру мәселесін жай ғана баға өсімі ретінде емес, экономикалық және әлеуметтік салдарын ескере отырып, кешенді қарастыру қажет.
"Теміржол желілері мен вагондарды жаңартуға қаржы керек екені түсінікті. Бірақ егер бұл шығын толықтай тариф арқылы өтелсе, стратегиялық маңызды салалардағы өнімнің өзіндік құны бірден өсіп, инфляция үдей түсуі мүмкін. Сондықтан бұл іске асықпай, ойланып кіріскен жөн. Бар ауыртпалықты тарифке артпай, қаржыны облигациялар шығару, инфрақұрылымдық несие тарту немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы табуға болады. Тариф бизнеске де, халыққа да қолжетімді деңгейде қалуы тиіс", - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін икемді және сараланған тариф жүйесін қалыптастыру маңызды.
"Бұл экономикаға мультипликативті әсер береді. Алайда бұған қол жеткізу үшін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қызметі барынша ашық болуы қажет. Бұл инвестицияларға, тариф қалыптастыру процесіне және операциялық шығындарға да қатысты. Біз қаражаттың қайда жұмсалатынын және оның қандай нәтиже беретінін нақты түсінуіміз керек. Инвестициялар нақты нәтиже әкелуі тиіс. Тоқтап қалулар азайып, бағыттар көбейіп, жүк ағыны артуы қажет", - деп атап өтті экономист.
Оның бағалауынша, теміржол саласындағы өнімділіктің аз да болса артуы айтарлықтай экономикалық нәтиже бере алады.
"Тиімділіктің өсуі тарифтердің өсімінен жоғары болуы тиіс. Үнемдеу мүмкіндігі көп – энергия тиімділігін арттырудан бастап логистиканы оңтайландыруға дейін. Қазір экономика инфляциялық қысымға ұшырап тұрған кезде, тарифтік саясат барынша ұқыпты әрі болжамды болуы керек", - деп қорытындылады Нұртазин.
Жалпы мақсат – экономиканы шамадан тыс жүктемей, жаңғырту жүргізу
Бизнес өкілдері мен сарапшылардың ортақ пікірі – теміржол инфрақұрылымын жаңарту ел үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Алайда оны жүзеге асыруда мемлекет, бизнес және халықтың мүддесі тең ескерілуі тиіс. Тариф тек саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, экономикалық тұрғыдан негізделген болуы керек. Ең бастысы – нақты нәтиже көрінуі қажет, оның ішінде қызмет сапасының артуы, тасымалдың жеделдеуі және логистиканың сенімділігі.
"Қазіргі экономикалық және геосаяси жағдайда бизнес қауымдастығы тарифтің шамадан тыс өсуіне қарсы. Бұны шығынды азайту, инфрақұрылымды қаржыландыруды тиімді жоспарлау және ішкі мен транзиттік тасымал арасындағы жүктемені әділ бөлу арқылы реттеуге болады. 2026 жылдан бастап транзит көлемі екі есеге өседі деген болжам бар. Сондықтан транзиттен түсетін табыстың бір бөлігін жолаушылар тасымалының шығынын жабуға бағыттау орынды", - дейді "Атамекен" ұлттық палатасында.
Экономист Ануар Нұртазин де бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, дәл қазір бизнесті қосымша тарифтік ауыртпалықпен қысымға алу қауіпті, өйткені оның салдары бәрібір халыққа тиеді.
"Биыл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары деңгейде тұр. Инфрақұрылым да қымбаттап кетті. Келер жылы бензин бағасы өсіп, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының тоқтауына байланысты дизель тапшылығы тууы мүмкін. Бұған қоса, Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Бірнеше қиын фактор қатар келіп отыр. Сондықтан экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін осының бәрін ескеру қажет", - дейді сарапшы.
Тарифтерге қатысты түпкілікті шешім 2026 жылдың наурыз айына дейін қабылданады. Сол уақытқа дейін барлық нұсқаны саралап, теміржол саласын дамыту мен экономикалық тұрақтылықтың тепе-теңдігін сақтайтын ең ұтымды жолды табуға мүмкіндік бар. Бұл кезең – өзгерістердің ықтимал салдарын бағалап, инфрақұрылымды алдын ала дайындап, туындауы мүмкін қиындықтарды азайтуға қолайлы уақыт.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2305716-temirzhol-tarifteri-qaita-qaralady-biznes-pen-tutynushylarga-ne-ozgeredi/