Цифрландыру, машиналық оқыту және жасанды интеллект ТМК қалай өзгертуде: ішкі көзқарас
Опубликовано:
Читать на русском
Цифрландыру, машиналық оқыту және жасанды интеллект бұрын тек ІТ саласына тән үрдіс сияқты көрінетін. Қазір бұл технологиялар Қазақстан президентінің Жолдауында бекітілген жаңа экономикалық бағыттың басты тетігіне айналып, негізгі салаларға, әсіресе тау-кен металлургия кешеніне кеңінен еніп келеді. Өндірістің тиімділігі, қауіпсіздігі мен тұрақтылығы қазір негізінен осы цифрлық жүйелердің сапасына тіреледі. Бүгінде ТМК-не енгізіліп жатқан жаңа жүйелер кәсіпорындардың жұмысын жеделдетіп, тәуекелдерді азайтып, ресурсты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақстан экономикасында тау-кен металлургия кешені әлі де ең маңызды салалардың бірі. Ол жалпы ішкі өнімнің шамамен 8%-ын қалыптастырады. Соңғы жылдары дәл осы салада технологиялық серпіліс жүріп жатыр. Бұрын тек адамның қатысуымен атқарылған көптеген процесс қазір цифрлық жүйелер мен жасанды интеллектке беріліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жаңа индустрияландырудың негізгі арнасы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект болу керегін атап өтті. Бұл – саланың болашағын айқындайтын басты бағдар.
Қазақстан цифрлық технологияларды енгізу жағынан әлемдік көшбасшылардың деңгейіне жақындап келеді. BHP мен Vale сияқты алпауыттар қолданатын жүйелер бізде де сол деңгейде жұмыс істейді: машиналық көру, автономды техника, өндірісті онлайн бақылау. Ең маңыздысы – отандық кәсіпорындар дайын үлгіні көшіріп қана қоймай, әлемдік үрдістермен қатар дамып, алдыңғы қатарлы технологияларды өз өндірісіне бейімдеп енгізіп жатыр.
"Қазақмыс" цифрлық жүйелерді қалай дамытып жатыр
"Қазақмыс" компаниясында цифрландыру барлық бағытты қамтиды: кернді талдаудан бастап өндірістік алаңдарындағы тамақтану жүйесіне дейін. 2020 жылы компания Трансформация кеңсесін құрып, негізгі процестерді толық аудиттен өткізді. Соның негізінде жол картасы жасалды. Соңғы төрт жылда технологиялық жобаларға 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Компанияның басты басымдығы – қауіпсіздік, деректерді басқару және жасанды интеллект. Шахталарда орналасуды анықтау жүйелері, HSE цифрлық модульдері, телеметрия іске қосылып жатыр. Sandvik және CAT техникалары үшін диспетчерлеу жүйелері жаңартылуда. "Қазақмыс" бірыңғай деректер архитектурасын құрып жатыр. Бұл кен өндіруден бастап байыту мен металлургияға дейінгі бүкіл тізбекті – "кеніш–фабрика–металлургия" біртұтас процесс ретінде бақылауға жол ашады.
"Қазақмыс" жүзеге асырып жатқан маңызды жобалардың бірі – Жезқазған геологиялық кластерінде ANCORELOG және LithoLens жүйелерін енгізу.
ANCORELOG – көпсенсорлы керн сканері. Ол бір метр кернді 20 секунд пен 2 минут арасында сканерлеп, минералогия, геохимия және құрылымдық-текстуралық ерекшеліктер туралы нақты деректер береді. Алынған ақпарат сол жерде жасанды интеллект алгоритмдері арқылы бастапқы өңдеуден өтеді.
LithoLens – керн фотосуреттерін сараптайтын машиналық көру жүйесі. Ол жаңа түсірілімдерді де, архивтік материалдарын да өңдеп, бірыңғай дерекқор қалыптастырады.
Бұл екі құралдың бірлескен жұмысы геологтарға кен орындарын әлдеқайда дәл әрі жедел бағалауға мүмкіндік береді. Соның арқасында барлау шығындары азайып, уақыт үнемделеді. Мұндай деңгейдегі цифрлық геологияны бүгінде әлемнің жетекші компаниялары ғана қолдана алады.
Компания ішкі процестерді де автоматтандырып жатыр. Мысалы, корпоративтік AI-ассистент "ТАЛАП" қызметкерлерге ішкі регламенттер мен стандарттарды қарапайым диалог форматында түсіндіреді. Бұл құжат айналымын бір жерге шоғырландырып, жаңа қызметкерлердің бейімделуін жеделдетеді және белгілі бір мамандарға тәуелділікті азайтады.
Айтарлықтай нәтиже берген жобалардың бірі – "Тамақтануды есепке алу және беру" жүйесі. Ол өндіріс алаңдарында қызметкерлерге берілген тағам көлемін автоматты түрде тіркейді. Қолмен есеп жүргізу толық жойылды. Тек Жезқазғанда алғашқы айда шамамен 100 млн теңге үнемделді. Үлкен өндіріс орындары мен вахталық аймақтары бар компания үшін бұл – шығынның ашықтығын арттыратын тиімді құрал.
Қауіпсіздік бағытына да ерекше көңіл бөлінген. Шахталарда DMMS жүйесі енгізілді. Ол жер астында тұрақты радиобайланыс орнатып, адамдар мен техниканың нақты орналасқан орнын көрсетеді және төтенше жағдай кезінде дабыл береді. DMMS көмегімен қалың жерасты қабаттарының арасынан да адамды іздеп табуға болады. Бұл авариялық-құтқару жұмыстарының қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттырады.
"Қазақмыс" кен орындарын дәл әрі жедел модельдеуге мүмкіндік беретін Micromine Advance жүйесін Grade Copilot модулімен бірге енгізіп жатыр. Бұл шешімдер деректердің нақтылығын күшейтіп, геологтардың жұмысын жеңілдетеді. Қазір компанияда Micromine қолданатын 400-ден астам қолданушы бар. 300-ге жуық лицензия мен 1400-ден астам модуль іске қосылған. Геологиялық ақпараттың 90%-ы цифрландырылды. 500-ден аса қызметкер оқытудан өтіп, бірқатары халықаралық сертификат алды.
Компания архивтік материалдарды қоса есептегенде, геологиялық деректерді толық цифрландыруға кірісті. Геоақпаратты сақтау үшін бірыңғай корпоративтік стандарт жасалуда. Micromine шешімдері барлау кезеңінен өндіруді жоспарлауға дейін барлық сатыда қолданылады. Осы технологиялардың көмегімен мамандар мыс минералдануы мен тектоникалық бұзылымдардың байланысын дәлелдеп, геологиялық талдауда ЖИ-тің тиімділігін көрсетті.
Сонымен қатар компания цифрлық инфрақұрылымды жаңартып жатыр. Freedom Cloud-пен серіктестік жасанды интеллект жүйелерін және жоғары жүктемелі сервистерді кеңейтуге жол ашады. Ал ISKRATEL (Kontron) компаниясымен жасалған меморандум өнеркәсіптік интернет заттарын, 5G шешімдерін және киберқауіпсіздікті дамытуға бағытталған.
"Қазақмыс" тәжірибесі көрсеткендей, цифрландыру – жеке-жеке жобалардың жиынтығы емес. Бұл – деректер, қауіпсіздік, жасанды интеллект және инфрақұрылым бір тізбекте жұмыс істейтін тұтас индустриалдық экожүйе.
"Алтыналмас" өндіру тәсілін қалай жаңартып жатыр
"Алтыналмас" соңғы жылдары алтын өндіру тәсілін түбегейлі жаңартып жатыр. Компания кәсіпорындарын біртіндеп заманауи цифрлық өндіріс кешеніне айналдыруда. 2025 жылы халықаралық сарапшылармен бірлесіп, бизнес-мақсаттарды технологиялық мүмкіндіктермен ұштастыратын цифрландыру тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат алдағы бірнеше жылға арналған нақты жол картасын қалыптастырады.
Компанияның цифрлық дамуы шамамен сегіз жыл бұрын басталды. Алдымен ІТ-инфрақұрылым жаңартылып, автоматтандыру жүйелері кезең-кезеңімен енгізілді. Енді "Алтыналмас" жасанды интеллект пен күрделі интеграцияланған платформаларға негізделген жаңа трансформация кезеңіне дайындалып отыр.
Алғашқы нәтижелер көріне бастады. Мысалы, "Ақсу" және "Пустынное" кен байыту комбинаттарында орнатылған Wenco жүйесі диспетчерлерге жұмыстың әр кезеңін нақты бақылап, карьер ішіндегі логистиканы оңтайландыруға және техниканың жұмысын қадағалауға мүмкіндік береді. Еңбек қауіпсіздігі бағытында UCO платформасы қолданылады. Оның көмегімен қауіп-қатерді бағалау, оқиға себептерін талдау және мінез-құлық аудитін жүргізу жеңілдеп, өндірістегі қауіпсіздік күшейіп келеді.
Компания келесі жылдың бірінші тоқсанында деректерді талдауға арналған ЖИ-ассистентті сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. 2027 жылы роботтандырылған автосамосвалдар, сондай-ақ қауіпсіздікке арналған бейнеаналитика жүйелері мен жеке Private LTE 5G желісін енгізу көзделген.
Роботтандырылған техникадан бастап өз ІТ-компанияларына дейін: ERG-нің цифрлық дамуы
Eurasian Resources Group (ERG) Қазақстанда цифрлық трансформация трендке айналмай тұрып-ақ бастады. Компания 2014 жылы ауқымды жаңғырту бағдарламасын енгізіп, соңғы бес жылда цифрлық шешімдерді дамытуға 100 млн доллардан астам инвестиция салды.
Компания дерегіне сүйенсек, бүгінде өндірістік мәліметтердің шамамен 80%-ы нақты уақыт режимінде жиналады. Бұл процестерді онлайн бақылап, шешімді дәл көрсеткіштерге сүйеніп қабылдауға мүмкіндік береді.
ERG тобының технологиялық бағытын өзінің ІТ-компаниясы – Business & Technology Services (BTS) жүргізеді. Бұл команда цифрлық құралдар жасап, автоматтандыру мен жасанды интеллект жүйелерін енгізеді, сонымен бірге қауіпсіздік пен экологиялық талаптарды күшейтуге жауапты.
Негізгі жоба – MES ERG (Manufacturing Execution System) жүйесі. Ол өндіріс пен бизнес процестерін біріктіріп, шығындарды, тоқтап қалуларды, өнім көлемі мен технологиялық көрсеткіштерді нақты бақылауға көмектеседі. Жүйе Ақтөбе және Ақсу ферроқоспа зауыттарында, Қазақстан электролиз зауытында және Дон кенішінде жұмыс істейді.
ERG "ақылды" көмекшілерді де қолданысқа енгізіп жатыр. Мысалы, "Антисон" жүйесі жүргізушінің шаршауын басының еңкеюі мен көз қозғалысына қарап анықтайды анықтайды. Ұйқы белгілері байқалса, жүйе дыбыс, жарық немесе діріл арқылы ескертеді.
Өндірістегі жабдықтың жағдайын бақылауға арналған түрлі шешімдерді енгізілген. Мәселен, конвейер белдіктерінің қызуын қадағаланады, пеш электродтарының күйі тексеріледі, ақаулар алдын ала ескертіледі. Осы жүйе іске қосылғаннан бері қызудан туындайтын тоқтап қалулар 75%-ға қысқарған, ал анықталған ақаулардың 80%-ы операторлармен расталған.
Компанияның жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін шамамен 400 техника бірлігі, оның ішінде жүк көліктері, вахталық автобустар, экскаваторлар мен локомотивтер "ақылды" камералармен жабдықталады.
2024 жылы ERG Қазақстанда алғашқы болып ұшқышсыз самосвалдарды іске қосты. Бір жыл ішінде олар 29 мың рейс жасап, 3 млн тонна кен массасын адам қатыспай тасымалдады.
Сонымен қатар Ақсу ферроқоспа зауытында BTS командасы кран мен бульдозерді қашықтан, операторға қауіпсіз кеңседен басқаруға мүмкіндік беретін екі жобаны сынақтан өткізіп жатыр.
ERG компаниясы генеративті жасанды интеллектті де дамытып отыр. FAIR (First AI-Republic ERG) платформасында ондаған цифрлық ассистент жұмыс істейді. Бірі өндірістік оқиғаларды талдайды, бірі қауіпсіздікті бақылайды, енді бірі мыңдаған тауар позицияларының бағаларын іздеп, салыстырады. Бұл процестерде адам араласуы минималды.
Цифрландыру қызметкерлердің күнделікті жұмысына да әсер етеді. Qollab корпоративтік қосымшасы 200-ден астам сервисті біріктіретін бірыңғай цифрлық алаңға айналды. Осы платформа арқылы қызметкерлер арнайы киімге тапсырыс береді, құжаттарды рәсімдейді, оқу курстарынан өтеді, дәрігерге жазылады немесе көлік кестесін бақылайды.
KAZ Minerals цифрлық трансформациясы
KAZ Minerals тобы ірі мыс кен орындарында жұмыс істейді. Мұнда басты назар процестердің сенімділігі мен қызметкерлердің қауіпсіздігі. Кен орындары шалғайда орналасқан, тәулік бойы жұмыс істейді және үлкен көлемдегі кенді өңдейді. Компания басынан бастап өндіріс алаңдарын заманауи цифрлық шешімдерге сүйене отырып кұрып келеді.
KAZ Minerals өндірістік автоматтандыру бөлімінің бастығы Тимур Абитовтың айтуынша, компанияда жүйелі цифрландыру бес жылдан астам жүргізілуде. Соңғы он жылда автоматтандыру, мониторинг, байланыс және деректерді талдауға 20 млн доллардан астам инвестиция салынды.
Цифрлық технологиялар геологиялық зерттеуден бастап дайын концентрат шығаруға дейінгі барлық кезеңде қолданады. Қазір карьерлерде дрондар, геодеректерді талдайтын және 3D-модель жасайтын арнайы бағдарламалар жұмыс істейді. Бұл барлау жұмыстарын жеделдетіп, болжамдардың дәлдігін арттырады. Техника автоматтандырылып, жүргізушінің шаршауын анықтайтын және соқтығысудың алдын алатын жүйелер енгізілген. Қорғалған мобильді байланыс бүкіл аймақты қамтиды.
"Бұрын жер бедерінің цифрлық моделін жасау екі аптаға созылатын, ал қазір дрон 1-2 күнде аяқтайды. Барлау шығындары 80%-ға азайды. Карьерлерде автосамосвалдар кесте мен маршрутқа өздігінен бейімделеді. Цифрлық жүйелер жүргізушілердің шаршауын бақылап, соқтығысудың алдын алады. Нәтижесінде өндіріс өнімділігі 15-25%-ға артты", - дейді Тимур Абитов.
Сонымен қатар зауыттарда барлық жабдық бірыңғай басқару жүйесіне біріктірілген.
"Оператор процесті нақты уақыт режимінде бақылай алады, ал агрегат деректері автоматты түрде жиналып, талданады. Бұл ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Кей жерлерде машиналық көру жүйелері жұмыс істейді, ал қауіпті операцияларды роботтандырылған техника орындайды", - дейді өндірістік автоматтандыру бөлімінің бастығы.
KAZ Minerals компаниясында жасанды интеллект үлкен деректерді талдап, жабдық жұмысын оңтайландырады. Машиналық оқыту жүйесі ықтимал ауытқуларды алдын ала анықтап, апаттарды азайтады, өндіріс режимін тұрақтандырады және металды өндіруді жоғарылатады. Перспективалы геологиялық аймақтарды болжау дәлдігі 92%-ға жетті.
Нәтиже бірден көрінеді: өндіріс желісінің өнімділігі 7%-ға, метал өндіру 2%-ға артты.
Компания автоматтандыру мен ЖИ әрі қарай дамытуды, жаңа болжамдау модельдерін енгізуді және қауіпсіздікті күшейтуді жоспарлап отыр.
"Тау-Кен Самұрық": өндірістегі ашықтық пен автоматтандыру
Бұрын "Тау-Кен Алтын" ЖШС жұмысшылары қымбат металдардың қозғалысын қолмен тіркеп, кесте мен журнал толтыратын. Қазір бұл процестің бәрі ақпараттық жүйеге көшірілді. Жүйе металдардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, есептерге бірден қол жеткізуге мүмкіндік береді. Есеп бірнеше минут ішінде дайындалады, қателік азайды, ал ашықтық деңгейі айтарлықтай артты.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бөлігі – Aspans корпоративтік платформасы. Бұл орталықтандырылған жүйе техника қауіпсіздігі бұзушылықтарын тіркеп, бақылауға, жеке қорғаныс құралдарын есепке алуға, қызметкерлердің медициналық деректерін сақтауға және асханаға келу жиілігін қадағалауға мүмкіндік береді. Бүкіл процесс бір тізбекпен жүреді: оқиға тіркеледі, тиісті шара белгіленеді, оның орындалуы бақыланады. Қорғаныс құралдарының берілуі нормативке сай жүргізіледі, медициналық карталар мен тексеру тарихы сақталады, асханаға келу деректері талданады. Ішкі бизнес-процестер де толық онлайн форматқа өтті.
Қызметкерлер енді қағаз тасымайтын болды. Электрондық құжат айналымы арқылы барлық құжат цифрлық форматта бекітіліп, қадағаланады.
Тағы бір жүйе – "Диагностикалық шлюз", ол ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексерулерді автоматтандырды. Бұл сервис қызметкерлердің жағдайын бақылап, тәуекелдерді ауысым басталмай тұрып анықтауға көмектеседі.
Компанияның басты басымдығы – еңбек қауіпсіздігі.
"Кәсіпорындарда бейнеаналитика мен персоналды позициялау жүйелері енгізілді. Олар нақты уақыт режимінде бұзушылықтарды анықтап, қауіпті жағдайлар туралы алдын ала ескерту жасайды, шахтадағы қызметкерлердің қозғалысын бақылайды. Бұл жай датчиктер емес, мұндай технологиялар өндірістегі ең маңызды құндылықты қорғайды. Бұл – адамның өмірі мен денсаулығын", - деп атап өтті компания өкілдері.
Solidcore Resources: кен өндіруді "ақылды" өндіріске айналдыру
Solidcore Resources компаниясы "Варварин", "Бақыршық кен өндіру кәсіпорны" және "Комаровское" кен орындарында "ақылды" өндірісті кезең-кезеңмен енгізіп келеді. Цифрлық шешімдер өндірісті басқаруды жеңілдетіп, қауіпсіздікті күшейтуге және шығынды азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Мысалы, "Варварин" кенішінде машиналық көру камералары ірі кен бөлшектерін автоматты түрде анықтайды. Бұрын мұны операторлар көзбен бақылап, қателікке жол беріп, конвейердің зақымдануына себеп болатын жағдайлар кездесетін. Қазір жүйе объектілерді өзі сұрыптап, қажет болса тасымалдағышты тоқтата алады.
Компаниян өкілдерінің айтуынша, келесі шешім – жасанды интеллект негізіндегі онлайн-жүйе. Ол кен бөлшектерінің көлемін нақты уақыт режимінде бағалап, балқытқыштардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді және энергия шығынын төмендетеді.
"Бақыршық кен өндіру кәсіпорнындағы" цифрлық экожүйе одан да кең. Rocksense, Millsense және Frothsense жүйелері балқытқыштар мен флотация процесін бақылап, жүктемені, бөлшектердің өлшемін және көбік сапасын талдайды. Бұл – машиналық көру мен ірі деректерді өндірісті басқарудың тиімді құралына айналдыруға болатынын көрсететін мысал.
Кәсіпорында жақында "Полина" жүйесі іске қосылды. Ол көлік пен логистиканы басқаруды автоматтандырады, ал жеке LTE-желі деректерді жедел жеткізіп, техниканың орналасуын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тау-кен массасын өндіру өнімділігі 4%-ға артты, жүктеу кезіндегі тоқтап қалулар 16%-ға қысқарды.
"Комаровское" кенішінде "цифрлық кеңесшіні" енгізу жоспарланған. Бұл жүйе техника жылдамдығын, жүктемені, тоқтау уақытын, артық күш түсуін талдайды. Ол өндірістегі шығындарды көрсетіп, операторларға жұмысты оңтайландыру жолын ұсынады. Бірақ жасанды интеллект мамандарды алмастырмайды. Керісінше, осы технологияның арқасында жаңа мамандық – аға тау-кен диспетчері пайда болды. Ол цифрлық ассистенттердің жұмысын үйлестіріп басқарады.
Қазақстандағы өнеркәсіп компаниялары үшін цифрлық трансформация - енді жай ғана жоспар емес, нақты шешімдер тізбегі. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық жүйелер шешім қабылдауды тездетіп, қауіпсіздікті арттырып, өндіріс тиімділігін күшейтіп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2312764-tsifrlandyru-mashinalyq-oqytu-zhane-zhasandy-intellekt-tmk-qalai-ozgertude-ishki-kozqaras/