jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады

    Ұлттық банк ғимараты
    Ұлттық банк. Фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі

    Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    "Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

    Ұлттық банктің мәліметінше, инфляция 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,3 пайыз болып, Ұлттық банктің болжамына сәйкес келген. Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік компоненті (13,5 пайыз) көп үлес қосқан. Оның құрылымында ет пен май бағасының шарықтауы өндіріс шығындарының өсуіне және жоғары экспорттық жеткізілімдерге негізделген. Азық-түлікке жатпайтын инфляция соңғы айларда айырбастау бағамының нығаюына байланысты біршама төмендеген (11,1 пайыз), ал реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің әкімшілік шараларға байланысты төмендеуі салдарынан ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны баяулаған (12,0 пайызға дейін).

    2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция біршама жеделдеп, 0,9 пайыз болған. Базалық инфляция 0,8 пайыз деңгейінде – жоғары қалпында қалған.

    Инфляция бұрынғыша ұсыныс мүмкіндігінен асып түсетін орнықты ішкі сұраныс жағдайында қалыптасып отыр. Тарифтік реформаның және ЖЖМ нарығын ырықтандырудың қайталама әсері күтулер мен бағаларға әсер еткен.

    Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері өсіп (14,7 пайыз), құбылмалы күйінде қалған. Инфляция бойынша нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылға жасаған күтулері де 10,8 пайызға дейін біршама өскен.

    "Азық-түліктің әлемдік бағасы соңғы айларда төмендегеніне қарамастан, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Дәнді дақылдар мен қант бағасы өсу қалпында. Ресей Федерациясында инфляция қатаң ақша-кредит шарттарына байланысты бәсеңдеп, ЕО-да тұрақты түрде төмендеді. АҚШ-та ФРЖ сауда саясатына байланысты инфляциялық тәуекелдердің өскенін атап өтіп, мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді жалғастырып келеді. Геосаяси шиеленіс күшейе түсті. Бұл белгісіздікті күшейтіп, мейілінше жоғары инфляциялық жағдайды қалыптастыруы мүмкін", - делінген хабарламада.

    Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсуі жылдық мәнде 6,5 пайыз болған. Бұл ретте көлікте, құрылыста, саудада, сондай-ақ тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде жоғары қарқын сақталып отыр.

    Проинфляциялық тәуекелдер, негiзiнен, ұсыныстың өсу қарқынынан асып түсетін сұраныс, реттелетiн бағалар мен ЖЖМ-ның өсуiнен болатын ұзақ қайталама әсер сияқты iшкi факторларға негiзделген. Жоспардағы ауқымды квазифискалдық ынталандыру форматы мен параметрлері қосымша белгісіздікті қалыптастырады. Ол республикалық бюджетті шоғырландыруда дезинфляциялық әсерді әлсіретуі мүмкін. Тәуекелдер ҚҚС мөлшерлемесін көтеруді және салық төлеушілер қатарын кеңейтуді көздейтін салық реформасын жүзеге асырумен, сондай-ақ таяудағы тоқсандар ішінде бизнесті кейін бейімдеуге де байланысты.

    Дезинфляцияға бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің баяулауы (2025 жылғы 11 айда берудің өсуі – 7,3 пайыз), ЕТРТ-ні арттыру арқылы артық өтімділікті қысқарту, алтын сатып алуды "айналау" операциялары мен теңге бағамының нығаюы ықпал етеді.

    Ақша-кредит саясаты. Инфляциялық үдерістердің серпіні және тәуекелдер теңгерімі Ұлттық банктің болжамы мен бағалауына сай қалыптасып отыр. Бұл ретте сыртқы сын-қатерлер, салық жүйесіндегі өзгерістердің ықпалы қаншалықты болатынына қатысты белгісіздік, сондай-ақ осы жылғы екінші тоқсаннан бастап ТКҚ тарифтері мен ЖЖМ бағасының қайта өсу параметрлері базалық мөлшерлемені белгілеуде байыпты әрі сақ ұстанымды қажет етеді. Осыған байланысты базалық мөлшерлеменінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдық соңына дейін қазіргі деңгейде сақталу ықтималдығы жоғары.

    "Ұлттық банк бағаның өзгеріс динамикасын әрі қарай да тұрақты бақылап, 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және әл-ауқатты арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасы, сондай-ақ инфляцияны бақылау және төмендету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауды жалғастырады", - делінген хабарламада. 

    Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 6 наурызда жарияланады.

    Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram