Жұманғарин ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеруге қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Парламент кулуарында өткен брифингте ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Министр ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі икемді болып қала беретінін және бірнеше көрсеткішке байланысты екенін атап өтті.
"Бізде бұл мәселемен айналысып жатқан бөлек жұмыс тобы бар. Біріншіден, әдістеменің өзі өте икемді. Ең төменгі жалақы – еңбек өнімділігі және орташа жалақы көрсеткіштеріне тәуелді функция.
Тиісінше, ең төменгі жалақы деңгейін реттеу үшін біз қосқан белгісіздік коэффициенті де бар. Бірақ оны қаншаға дейін көтеретініміз, көтеріміз бе, мұның бәрі біздің бюджеттік мүмкіндіктерімізге байланысты", - деді ҰЭМ басшысы Серік Жұманғарин.
Ол ең төменгі жалақыға қатысты жауап жақын арада берілетінін айтты.
"Бұл сұрақ қазіргі уақытта қарастырылып жатыр және жақын арада жауап береміз, себебі біз үш жылдық бюджетті құруды бастадық. Әрине, біз осы жалақы деңгейінде жұмыс істейтін жандарды қуантқымыз келеді, бірақ нақты "иә" деп жауап беру үшін барлық есепті дұрыс жүргізуіміз керек, себебі бұл сайып келгенде белгілі бір бюджеттік шығындар", - деп қосты ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге. Бұл деңгей үш жылдан бері сақталып отыр.
Бұған дейін үкімет кулуарында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2374558-zhumangarin-eng-tomengi-zhalaqyny-150-myng-tenggege-deiin-koteruge-qatysty-pikir-bildirdi/