1 шілдеден бастап тауарлық газ бағасы қымбаттауы мүмкін
Жарияланған күні:
Елімізде 1 шілдеден бастап тауарлық газ бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Оның айтуынша, көтерме бағаны 33 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Бұл жылыту маусымына дайындық, газ инфрақұрылымын жаңғырту және кен орындарындағы техникалық ақау кесірінен газ өндіру көлемінің азаюымен байланысты. Көтерме бағаның өсуі ең алдымен бизнеске және өнеркәсіп саласына әсер етеді. Кейін тарифке де ықпал етуі мүмкін.
Жалпы, елімізде газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 82 газбен қамту жобасы жүзеге асырылды. 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Бір жыл ішінде 2 мың шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан ауылдарын да газдандыру ісі жалғасып жатыр.
"Биыл республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңгені ескере отырып, газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу немесе 32 мың адам табиғи газға қол жеткізу жоспарланып отыр. 2026 жылы Қосшыға өте сала, Целиноградский, Қызылсуат, Қаражар, Қараөткел, Тайтөбе аудандарына газ қосылады. 106 мың адамды газбен қамтамасыз етеміз", - дейді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2390859-1-shildeden-bastap-tauarlyq-gaz-bagasy-qymbattauy-mumkin/