Қазақстандағы бензин қорының жағдайы: Бектенов шекарада бақылауды күшейтуді тапсырды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтіп, жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметке сілтеме жасап.
Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдері нарығындағы қазіргі жағдайы бойынша кеңес өткізді. Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің баяндамасы тыңдалды.
"Бүгінде Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Еліміздегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 млн тоннадан асады, бұл тұтынушылардың қазіргі сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді. Мұнай өнімдерімен автожанармай құю стансалары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және отандық әуе тасымалдаушыларына басымдықпен қамтамасыз етілуде. Жанар-жағармай материалдарының тапшылығы байқалмайды. Өндіріс көлеміне, жөнелтуге және қорларға тұрақты мониторинг жүргізілуде", - делінген үкімет хабарламасында.
Кеңес барысында мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді:
- жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу және ел қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында шекарадағы бақылауды күшейтіп, барлық қажетті шаралар қабылдау;
- ҰҚК Шекара қызметіне Қаржы министрлігімен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың барлық схемасын анықтап, жолын кесу;
- Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін өндіру, қорлар және тұтыну теңгеріміне тұрақты мониторинг жүргізуді және қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдау жөнінде жедел ұсыныстар енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2390980-qazaqstandagy-benzin-qorynyng-zhagdaiy-bektenov-shekarada-baqylaudy-kusheitudi-tapsyrdy/