Жанар-жағармайға қатысты жағдай: көрші елдердің көмек сұрауы Қазақстандағы бензин бағасына әсер етуі мүмкін бе
Жарияланған күні:
Читать на русском
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев үкіметтегі брифингте көрші мемлекеттерден бензин жеткізуге қатысты өтініш түсті ме, түссе елдегі бензин бағасына әсер етуі мүмкін бе, деген сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Журналистер қазіргі уақытта Ресейде де, Қырғызстанда да бензин тапшылығы байқалып жатқанын айтты. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған.
Осыған байланысты БАҚ өкілдері вице-министрден көрші елдер Қазақстаннан бензин сұраса, мәселе қалай шешілетінін және бұл отандық нарықтағы отын бағасының өсуіне әкелмей ме деп сұрады.
Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, қырғыз тарапынан ресми өтініш келіп түскен.
"Қазір оны қарап жатырмыз. Дегенмен, барлық шешім ұлттық мүдде мен ішкі теңгерімді ескере отырып қабылданады.
Сұранысты қанағаттандыру ел ішінде бағаның өсуіне әкелмейді, мұны сіздерге ресми түрде мәлімдеймін. Қырғызстанның өтінішін жақын арада қарап, жауап береміз", - деді ол.
Вице-министр, сондай-ақ Ресей тарапынан Энергетика министрлігіне ешқандай ресми өтініш келіп түспегенін атап өтті.
"Министрлікке өтініш түскен жағдайда, біз оны ұлттық мүддені ескере отырып және өзара тиімді шарттар негізінде қарастырамыз", - деді спикер.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз