Базалық мөлшерлеменің төмендеуі: енді несиелер қолжетімді бола ма
Жарияланған күні:
Читать на русском
ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті. Бұл банк депозиттері бойынша сыйақы мөлшеріне әсер етіп, несие құнын арзандатуы мүмкін. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені тағы төмендетті. Маусымда базалық мөлшерлеме 17%-ға дейін түссе, бүгін, яғни 24 шілдеде – 16,75%-ға дейін тағы төмендеді.
Мөлшерлемені төмендету туралы шешім елдегі инфляцияның тұрақты төмендеуі және теңге бағамының салыстырмалы түрде нығаюыныың арқасында қабылданды.
Сонымен қатар бұл жеңілдету кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың өміріне тікелей әсер етуі мүмкін.
Базалық мөлшерлеме депозиттерге әсері қандай
Ұлттық банктің мөлшерлемені төмендетуі ақшасын депозитте сақтайтындарға тікелей әсер етеді.
Екінші деңгейлі банктер базалық мөлшерлемеге бағдарланады – егер ол төмендесе, олар депозиттер бойынша сыйақы мөлшерін де азайтуы мүмкін. Көптеген банк мұны қазірдің өзінде жасап жатыр.
Базалық мөлшерлеме несиелерге әсері қандай
Несиелер де дәл осы логикамен жұмыс істейді – егер базалық мөлшерлеме төмендесе, оның ізінше несие пайыздары да әдетте төмендейді.
Банктер клиентке қарыз бермес бұрын, сол ақшаны өздері базалық мөлшерлемеге тәуелді пайызбен қарызға алады. Ол неғұрлым төмен болса, қаражат оларға соғұрлым арзанға түседі.
Қарапайым тілмен айтқанда: банктердің шығыны азаяды, демек, олар клиенттерге төмен әрі тиімді пайызбен несие ұсына алады.
Базалық мөлшерлеме инфляция мен теңге бағамына қалай әсер етеді
Базалық мөлшерлеменің теңге бағамы мен елдегі инфляцияға жанама түрде әсер ететінін ескеру маңызды. Бұл ретте оның оң да, теріс те әсері бар:
бағаның өсуі – егер несиелер арзандаса, халық оны белсенді түрде алып, көбірек жұмсай бастайды. Ал тауарға сұраныс артқанда, сатушылар әдетте бағаны көтереді де, инфляция қайтадан өршиді;
теңгеге қысым – егер теңгелік салымдар бойынша пайыз төмендесе, халық жинағын долларға ауыстыра бастауы мүмкін. Соның салдарынан шетел валютасына сұраныс артып, теңге бағамы төмендей бастайды.
Қорытындылай келе, базалық мөлшерлеме төмендегенде, қарыз алушылар мен бизнес арзан несиеден ұтады, бірақ ақша жинауды бастағандар үшін жағдай қиындай түспек.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2403724-bazalyq-molsherlemening-tomendeui-endi-nesieler-qolzhetimdi-bola-ma/
