Кейбір қазақстандықтарға ауыр еңбегі үшін екі есе үстемеақы төленуі мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ауыл шаруашылығы министрлігі аса маңызды, шұғыл және күрделі жұмыстарды атқаратын қазақстандықтарға берілетін үстемеақы мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Ашық НҚА" порталына сілтеме жсаған KAZ.NUR.KZ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі "Ашық НҚА" порталында "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" үкімет қаулысының жобасын жариялады.
"Жоба Қазақстан Республикасы үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына 15-қосымшаға өзгеріс енгізуді көздейді. Атап айтқанда, мекемені дамытуға бағытталған жұмыс, тәжірибеде озық әдістерді қолдану, жұмыстағы жоғары жетістіктер, ерекше маңызды немесе шұғыл жұмыстарды орындау, сондай-ақ жұмыстың күрделілігі мен қарқындылығы үшін белгіленетін үстемеақының мөлшерін базалық лауазымдық айлықақының 50 пайызынан аспайтын мөлшерден лауазымдық айлықақының 100 пайызына дейін ұлғайту ұсынылады", - делінген қаулы түсіндірмесінде.
Қаулы жобасын қабылдаудың мақсаты қызметкерлерге лауазымдық айлықақының 100 пайызына дейінгі мөлшерде үстемеақы белгілеу екені атап өтілген.
"Жобаны қабылдау мемлекеттік сорт сынау жүйесі қызметкерлерінің еңбекке ынтасы мен қызығушылығын арттыруға, кадрлық әлеуетті сақтауға, жаңа білікті мамандарды тартуға және сорт сынау жүйесінің инновациялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Жоба 17 тамызға дейін қоғам талқылауында болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2406544-keibir-qazaqstandyqtarga-auyr-engbegi-ushin-eki-ese-kop-zhalaqy-tolenui-mumkin/
