Қазақстандықтардың орташа жалақысы қанша
Жарияланған күні:
Читать на русском
2026 жылдың 2-тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 486 388 теңгені құрады. Үш ай ішінде бұл көрсеткіш 5,4 пайызға өсіп, тарихи максимумға жетті. Қай өңірлерде жалақы жоғары екенін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
- 2026 жылдың 2-тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 486 388 теңгені құрап, тарихи максимумға жетті.
- Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, жалақы үш айда 5,4 пайызға, жыл басынан бері 8,4 пайызға өсті.
- Өңірлер арасында ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында — 673 656 теңге, ең төменгі Солтүстік Қазақстан облысында — 363 123 теңге тіркелді.
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) жаңартылған деректеріне сәйкес, 2026 жылдың 2-тоқсанында Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің нақты саны 3,9 млн адамды құрады. Бұл деректерге кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындардағы қызметкерлер кірмейді.
Сәуір-маусым айларында оларға жалпы сомасы 5,6 трлн теңге көлемінде жалақы төленді. Бұл сомаға лауазымдық жалақыдан бөлек, қосымша төлемдер, үстемеақылар, сыйлықақылар және ынталандырушы әрі өтемақы сипатындағы басқа да төлемдер кіреді. Сондай-ақ бұл көрсеткіш салықтар мен басқа да ұсталымдарды (зейнетақы жарналары және т.б.) есепке алады.
Нәтижесінде орташа жалақы 486 388 теңге болды. Тоқсан ішінде ол 5,4 пайызға, ал жыл басынан бері 8,4 пайызға өсті.
Инфляцияны ескергендегі нақты өсім үш айда 3 пайызды құрады. Ал 12 айда нақты орташа жалақы 1,8 пайызға құнсызданды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа жалақы
Бұл көрсеткіш экономикалық қызметтің негізгі түрлері бойынша әр түрлі мүмкін. Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанында ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде тіркелді – 1 107 576 теңге.
Одан кейінгі орындарда ақпарат және байланыс саласы (851 076 теңге) мен өнеркәсіп (673 796 теңге) тұр. Өнеркәсіп саласының ішінде тау-кен өндіру және карьерлерді қазу секторы ерекшеленеді, онда орташа жалақы 980 334 теңгені құрады.
Экономикалық қызметтің негізгі түрлері арасындағы ең төменгі жалақы өнер, ойын-сауық және демалыс саласында тіркелді – бір қызметкер орта есеппен 312 136 теңге алады. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 360 296 теңге, ал ауыл, орман және балық шаруашылығында – 365 262 теңге.
Өңірлер бойынша орташа жалақы
Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында тіркелді – 673 656 теңге. Орташа жалақы 600 мың теңгеден асқан өңірлер қатарына Астана (647 920 теңге), Атырау облысы (631 555 теңге) және Алматы (610 371 теңге) кіреді.
Шымкентте бұл көрсеткіш 377 710 теңгені құрайды.
Сонымен қатар ең төменгі жалақы Жамбыл облысында – орта есеппен 375 456 теңге, Түркістан облысында – 370 964 теңге және Солтүстік Қазақстан облысында – 363 123 теңге деңгейінде тіркелді.
Статистикаға жоғары жалақы алатын қызметкерлер де, ең төменгі жалақы алатындар да кіретінін атап өткен жөн. Сондықтан орташа жалақы көрсеткіші әрбір қазақстандыққа қатысты емес.
Егер жекелеген қызметкердің жалақысы төмен болса, демек ол ел бойынша орташа көрсеткіштен аз табыс табады. Керісінше жағдайда да солай. Яғни бұл табыс саласындағы белгілі бір бағдар ғана.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2421926-qazaqstandyqtardyng-ortasha-zhalaqysy-qansha/
