Ұлттық банк Қазақстандағы базалық мөлшерлемені қайта төмендетті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін, 4 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялады. Ол 16,25 пайызға дейін төмендетілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай шешім неге негізделген
Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, базалық мөлшерлемені жылдық 16,25 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылданды. Дәліз +/- 1 пайыздық тармақты құрайды. Бұл шешім болжамды раунд нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің және инфляциялық тәуекелдер балансының жаңартылған бағалауына негізделген.
"Жылдық инфляцияның қарқыны биылғы тамызда 9,8 пайызға дейін баяулады. Дезинфляциялық процес 11 ай қатарынан жалғасып келеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5 пайызға дейін төмендеді. Оған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандағаны мен импорттық тауар бағасының төмендегені әсер етті.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқыны теңге бағамының нығаюы аясында 11,4 пайызға дейін баяулады. Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны біршама баяулағандықтан 8,9 пайызға дейін төмендеді", - делінген хабарламада.
Инфляция
Айлық инфляция тамызда 0,6 пайыз (шілдеде 0,6 пайыз), маусымдық факторлар ескерілмегенде 0,9 пайыз (шілдеде 0,7 пайыз) болды. Базалық инфляция 0,7 пайыз деңгейінде сақталды.
Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі шілдеде 12,1 пайыз (маусымда 13,4 пайыз) болды. Себебі ҚҚС артуына, ТКШ тарифтері мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты алаңдаушылық сейіле бастады. Бұл ретте күтулерде жанар-жағармай бағасының өсу факторының ықпалы күшейді. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына күтулері 10 пайыз деңгейінде сақталып отыр.
Сыртқы сектор әсері
Ұлттық банк мәліметінше, сыртқы секторда жағдай әлі де тұрақсыз. Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыс энергия көздері бағасының жоғары қалыптасуына жағдай жасап, сыртқы инфляциялық қысымды күшейтіп тұр.
"Мұндай жағдайда жетекші орталық банктердің риторикасы қатаң сипатта сақталады. Азық-түліктің әлемдік бағасы дәнді дақылдар мен өсімдік майы есебінен біршама өсті, бұл ретте еттің бағасы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет төмендеді.
Ресейде инфляция орнықты күйде сақталуда. Отын нарығындағы іркілістер аясында проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Негізгі мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, биылғы шілдеде Ресей Банкінің риторикасы қатаңдады. ЕО-да инфляция негізінен энергия көздері бағасының өсуі есебінен біршама қарқын алды. ЕОБ соңғы отырысында мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды. АҚШ-та инфляция баяулады, алайда ол әлі де нысаналы деңгейден жоғары. Осыған байланысты ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды", - деп қосты банк өкілдері.
Болжам
Инфляцияның 2026 жылға болжамы өзгерген жоқ: ол 9-11 пайыз аралығында болады деп күтіледі. Баға өсімінің баяулауына ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің нық айырбастау бағамы ықпал етеді. Қосымша тежеуші әсерді 2026 жылғы қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі қамтамасыз етеді. 2027 жылға жасалған болжам 6,5-8,5 пайызға дейін көтерілді (бұған дейін 5,5-7,5 пайыз болған), бұл сыртқы инфляцияның өсуіне, реттелетін бағалар алғышартының қайта қаралуына, сондай-ақ фискалдық серпіннің ұлғаюына негізделген.
Бұл ретте ақша-кредит саясатының ұзаққа созылған қатаңдығы инфляциялық қысымды шектей түсіп, бағаның баяу өсуіне ықпал етеді. 2028 жылы инфляция сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуіне, фискалдық шоғырлануға, ішкі сұраныстың қалыпқа келуіне және бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары аясында инфляциялық күтулердің төмендеуіне қарай 5 пайыздық нысанаға жақын болып тұрақталады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2423141-qazaqstanda-bazalyq-molsherleme-qaita-tomendetildi/
