jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Астана әуежайы миллиардтаған теңге шығынға батқанын мәлімдеді

    Астана халықаралық әуежайы
    Астана халықаралық әуежайы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Астана халықаралық әуежайының басшылығы өткен қаржы жылында миллиардтаған теңге шығын шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы әуе айлағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

    Астана халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйым 2025 жылы 6,9 миллиард теңге шығын шығарған.

    Дағдарысқа қарсы бағдарлама

    "2025 жылдың қорытындысы бойынша "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ қаржы жылын 6,9 млрд теңге көлеміндегі шығынмен аяқтады. Жалпы жиынтық кіріс 4 млрд теңгені құрады, ал өткен жылдардан жинақталған Қоғамның жабылмаған шығыны 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша 36 млрд теңгеге жетті.

    Қаржылық жағдайды жақсарту мақсатында әуежайда дағдарысқа қарсы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама көрсетілетін қызметтердің нақты өзіндік құнын ескере отырып, қолданыстағы тарифтердің экономикалық негізділігі мен залалсыздығын бағалауды, операциялық қызметтің тиімділігін арттыруды және кәсіпорынның ішкі резервтерін пайдалануды көздейді. Авиациялық керосинді өткізу моделінің өзгеруіне байланысты негізгі басымдық операциялық қызмет есебінен қаржылық нәтижелерді жақсартуға бағытталған", - делінген әуежай хабарламасында.

    Әуежай қызметіне кері әсер еткен факторлар

    Баспасөз қызметі әуежайдың жұмысына қандай факторлар кері әсер еткеніне тоқталды.

    2025 жылдың қорытындысы бойынша шығын болғанына қарамастан, биыл әуежай бірқатар негізгі өндірістік және коммерциялық көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта әуежай қызметіне бірқатар сыртқы және өндірістік фактор кері әсер етті. Олардың қатарында күндізгі уақытта ұшу-қону жолағының жұмысын шектей отырып жөндеу жұмыстарын жүргізу, авиациялық керосин құнының өсуі, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты халықаралық рейстердің бір бөлігінің тоқтатылуы бар. Соның салдарынан шамамен 1,1 мың рейс орындалмады", - делінген хабарламада.

    Оң динамика

    Әуежайдың баспасөз қызметі 2026 жылда болған оң динамикаларды назарға ұсынды

    "2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Астана халықаралық әуежайы 5,4 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,3 млн жолаушы болған. Осылайша, жолаушылар ағыны 1,3 пайызға артты.

    Рейстер саны бойынша да оң динамика байқалады. 2026 жылдың жеті айында 25 мыңнан астам ішкі рейс орындалды, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24 мыңнан астам болған. Өсім шамамен 2 пайызды құрады. Халықаралық рейстер саны 12 мыңнан 12,4 мыңға дейін немесе 3 пайыздан астам өсті. Ең елеулі нәтижелердің бірі - жүк пен поштаны өңдеу көлемінің артуы. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында әуежай 8,9 мың тонна жүк пен поштаны өңдеді. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,4 мың тоннаны құраған. Өсім 20 пайыздан асты.

    Авиациядан тыс қызмет бағыттарында да тұрақты өсім байқалады. 2026 жылғы қаңтар–маусым қорытындысы бойынша авиациядан тыс қызметтерден түскен кіріс 7,2 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,8 млрд теңге болған. Осылайша, өсім 24 пайызды құрады", - деп қосты баспасөз қызметі өкілдері.

    Жоспар

    Әуежай өкілдері алдағы уақытқа жоспарларын бөлісті.

    "Биылғы жылдың соңына дейін әуежайдың Акционері – Астана қаласының әкімдігі — Астана халықаралық әуежайының басшылығымен бірлесіп, қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында қаржылық және операциялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Негізгі басымдық қызмет тиімділігін арттыруға және коммерциялық бағыттарды дамытуға беріледі.

    Сонымен қатар әуежайдың маршруттық желісін одан әрі дамыту және кеңейту мақсатында авиакомпаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылады.

    Маржиналдылықты арттыру, көрсетілетін қызметтердің табыстылығын жоғарылату, тарифтік саясатты жетілдіру, технологияларды оңтайландыру және қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану есебінен өзіндік құнды төмендету бойынша шаралар қабылданады. Өндірістік, экономикалық және басқарушылық процестерді оңтайландыру, сондай-ақ оларды жетілдіруге бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеу жұмыстары басталды", - делінген әуежай хабарламасында.

    Астана әуежайы миллиардтаған теңге шығынға батқанын мәлімдеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram