Ұлытауға қоныс аударушыларға миллиондаған теңге сыйақы тағайындалмақ
Жарияланған күні:

Ұлытау облысының билігі өңірге қоныс аударушыларды миллиондаған теңге көлеміндегі сыйақымен қызықтырып жатыр. Жұмыссыз дәрігерлерді, мұғалімдерді, электриктер мен сантехниктерді жұмысқа орналастырып, баспанамен қамтамасыз етуге, тіпті коммуналдық төлемін өтеуге дайын, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Халық тығыз орналасқан өңірлер – Алматы, Астана қалалары, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарынан Ұлытау өңіріне қоныс аударған азаматтарға 7 миллион теңге беріледі. Алайда Ұлытау бұл бағдарлама аясында барлығын бірдей қабылдауға дайын емес. Мұнда еңбекке қабілетті, әлеуметтік және өнеркәсіп салаларында жұмыс істей алатын тұрғындар керек.
Яғни зейнеткерлер бұл бағдарламаның мүмкіндігін пайдалана алмайды. Ал қалған азаматтарға бастапқы кезеңде жалдамалы баспана, жұмыс орындары ұсынылып, коммуналдық қызмет ақысы төленеді. Бір жыл тұрғаннан кейін қоныс аударушыларға 7 миллион теңге беріледі.
Сонымен қатар әкімдік жаңа тұрғындардың орталық өңірде кемінде 5 жыл тұруы керек екенін ескертеді. Егер осы талап орындалмаса, берілген барлық жеңілдік пен қаражат мемлекетке қайтарылуы керек.
"Ұлытау облысы — республика бойынша еңбек күші тапшы өңірлердің бірі. Осыған байланысты біз қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер тізіміне енгізілдік. Жалпы облыс бойынша біз қоныс аударушыларды облыс орталығынан, яғни Жезқазған қаласынан басқа барлық қала мен аудандарға тартамыз — Сәтбаев, Қаражал қалалары, Ұлытау және Жаңаарқа аудандары. Олар міндетті түрде бір жыл жұмыс істеуі және тұрақты зейнетақы аударымы болуы керек", - дейді Ұлытау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Құрмет Сәттібаев.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2424405-ulytauga-qonys-audarushylarga-milliondagan-tengge-syiaqy-tagaiyndalmaq/
