jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстандықтар автонесие алуды азайтты

    Көлік сатып алу
    Көлік сатып алу. Нейрожелі арқылы жасалған көрнекі сурет: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

    Қазақстандықтар автонесие алуды азайтқан. Банк талаптары күшейген соң темір тұлпарға сұраныс та бәсеңдеді. Биыл көлік алуға берілген өтінімдер саны 9 пайызға, ал берілген автонесие көлемі бірден 24 пайызға төмендеген. Бір жыл бұрын ғана қарқынды өскен нарық қазір кері шегініп отыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

    Елде темір тұлпар мінгісі келгендердің қатары азайған. Сарапшылар мұны көлік бағасының қымбаттауымен ғана емес, оны несиеге сатып алудың қиындауымен де байланыстырады. Себебі бір жылдың ішінде автонесиенің орташа мөлшерлемесі 18,8 пайыздан 24,4 пайызға дейін өскен.

    "Кредит алғаннан кейін банктің пайызынан ұтылатынын түсінді. Өйткені 10 млн-ның көлігін 18-20 млн етіп қайтаратынын енді түсініп жатыр. Көлікті алғашқы қарқынмен алып алғандар ол кездегі 15 млн-ның көлігі 10 млн-ға түсіп қалды. Көз алдында көліктің бағасы күрт төмендеді. Көліктің бағасынан бір ұтылды, банктің пайызынан екі ұтылған, ағайындар. Енді 2026 жылы несиеге деген сұраныстың азаюын осымен байланыстыра аламын", - дейді автосарапшы Санат Нұрбай.

    Сарапшылардың сөзін сандар да растап отыр. Бір жыл бұрын нарық керісінше қарқынды өсіп, өтінімдер саны 50 пайыздан астам көбейді. Ал қазір автонесиенің ауыртпалығы туралы шағым көп. Бірі төлемді кешіктіріп көлігінен айырылған, енді бірі банкпен келісімге келудің қиындығынан шаршаған.

    Биыл берілген автонесие көлемі қысқарып, 886 миллиард теңге болды. Банктердің мақұлдау үлесі төмендеп, несие алушылардың ай сайынғы төлемі орташа жалақының 30 пайызына жетті. Яғни автонарықтағы бәсеңдеуге бір ғана фактор себеп емес.

    "Клиенттерге банк тарапынан шарттардың жоғары болуы, оларда несиелік тарихы дұрыс болмаса, автонесие алу мүмкіндігінің азаюы. Көлік әкелетін компаниялардың логистикалық шығынының қымбаттауы. Тасымалдау, оны әкелу, басқа қосымша салық төлеу. Жалпы басқа да параметрлердің көп болуы нарықтағы суынудың ұзақ мерзімде болуына әсерін тигізетін фактор", - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

    Бір қызығы, несие сұранысының бәсеңдеуіне қарамастан, елдегі автоөндіріс қарқын алған. Алты айда отандық зауыттар 138,7 мың автомобиль шығарып, өндірісті екі есе арттырды. Дегенмен несие жүктемесінің артуына байланысты мерзімі өткен берешек үлесі де 3 пайызға дейін өсті.

    Сарапшылар жылдың екінші жартысында банктер мен дилерлердің бірлескен акциялары қайта жанданып, сұраныс сәл де болса қалпына келуі мүмкін екенін айтады.

    Автор: Айғаным Тұрысбек

    Қазақстандықтар автонесие алуды азайтты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram