"Форумдар мен семинарлар жоқ": Қазақстан бюджетінен қандай шығындар қысқарды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Құрылтай кулуарында қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы бюджеттен қандай тиімсіз шығындар алып тасталғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Соңғы жылдары шығын қатарынан форумдар мен түрлі семинарларды көрмейсіз. Бұрын Қаржы министрлігі шығындарды қалай жоспарлайтын еді? Бізге келіп, қалам, қағаз және тағы басқа заттарға өтінім беретін. Сәйкесінше, әр өтінім үшін бізге үш коммерциялық ұсыныс келетін. Яғни, кеңсе тауарларымен толық қамтамасыз ету үшін қаншама қағазбастылық болғанын елестетіп көріңізші.
Біз нормативтерді белгіледік – бір адамға шынымен қанша қажет екенін есептедік. Тіпті 20 мың теңге тұратын қалам сатып алынғанын естіген боларсыздар, иә? 100 теңгелік қаламдар да болды. Оны орташалау үшін біз нормативтер бекіттік – әр адамға қазір 8 АЕК (34 600 теңге) қарастырылған. Ал оның ішінде әкімшінің өзі қажеттілікке қарай өтінім береді", - деді Абзал Бейсенбекұлы.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды құрал – бюджет шығындарына шолу жасау.
"Мемлекеттік орган қалыпты жұмыс істеуі үшін базалық шығындар бар. Біз 5 жылды алып, шолу жасадық: бұл шығындар шынымен қажет пе? Нәтижесінде дәл биыл 44 млрд теңгені оңтайландырдық. Және біз бұл құралды тұрақты еттік", - деді қаржы вице-министрі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2429077-forumdar-men-seminarlar-zhoq-qazaqstan-biudzhetinen-qandai-shygyndar-qysqardy/
