jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Құрылтай алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

    Ақша
    Ақша. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Құрылтай депутаттары "2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды парламенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Құжат мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттерді іске асыруға, атап айтқанда, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және инфрақұрылымды қарқынды дамытуға бағытталған.

    Жобаға сәйкес, алдағы орта мерзімді кезеңде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 5,4 пайыз болады. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде белгіленіп, 2029 жылға қарай 6 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

    Республикалық бюджет тапшылығын кезең соңына қарай ЖІӨ-нің 0,4 пайызына дейін қысқарту, ал меншікті кірістерді 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі біртіндеп азайтылып, 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.

    "2027 жылы меншікті кірістер 19,9 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Оның басым бөлігін салық түсімдері құрайды. Сондай-ақ 5,5 трлн теңге көлемінде трансферт түседі деп күтілуде.

    Республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Оның үштен бірінен астамы ғылым, білім беру және медицина салаларын қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамытуға бағытталады", - делінген хабарламада.

    Өзге басым бағыттардың қатарында өңірлерді қолдау, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету және басқа да міндеттер бар.

    Атап айтқанда, келесі жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың басым бөлігі көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық дамуға бағытталады. Автомобиль жолдары мен өткізу пункттерінің құрылысы, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті дамыту, ғарыш саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және агроөнеркәсіп кешені жобаларын қолдау жалғасады.

    "Заң жобасын қарау барысында депутаттар ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Олардың қатарында макроэкономикалық болжамдардың дәлдігін арттыру және бюджеттің меншікті кірістерінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету бар.

    Сондай-ақ Ұлттық қордың тұрақтандыру және жинақтау функцияларын сақтай отырып, одан берілетін трансферттерге тәуелділікті азайту қажеттігі атап өтілді", - делінген хабарламада.

    Депутаттар бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға және жоспарлау сапасын жақсартуға ерекше назар аударған. Сонымен қатар мемлекеттік борышты, оған қызмет көрсету шығындарын және оны өтеу көздерін бақылаудың маңыздылығын атап өткен.

    Құрылтай алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram