Қазақстан облыстарының біріндегі жөнделмеген жол үшін "ҚазАвтоЖолға" айыппұл салынды
Жарияланған күні:

2024 жылы Алматы облысында сапасы сын көтермейтін жол үшін жауапты ұйымдарға 16 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сайты Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, сот шешімімен "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ Алматы облыстық филиалы полиция қызметкерлері бұрын берген нұсқаманы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұйымға 738 400 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Алматы облысы полиция қызметкерлері жалпы пайдаланымдағы автожолдардың сапасын зерттеу үшін 1 579 тексеріс жүргізген. Жұмыс барысында көптеген кемшілік анықталып, оны түзету мақсатында жол-пайдалану ұйымдарына дәл осынша нұсқама жіберілді.
Заңнама талаптарының орындалуын бақылау шеңберінде 321 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Олардың арасында "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ Алматы облыстық филиалы мен "Қажсервис" ЖШС бар. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы бойынша 36 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 16 млн 92100 теңгені құрайды", - делінген хабарламада.
Бұрын берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін 30 әкімшілік материал жиналған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2199798-qazaqstan-oblystarynyng-birindegi-zhondelmegen-zhol-ushin-qazavtozholga-aiyppul-salyndy/