Қазақстан Сауда министрлігі АҚШ-тың жаңа баж салығын енгізуіне қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың бірқатар тауарға жаңа кедендік баж салығын енгізуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"АҚШ тарапынан қабылданған жаңа сауда шараларын алдын ала талдау нәтижесінде, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарларының елеулі бөлігіне қосымша тарифтердің әсері болмайтыны анықталды. Өйткені олар АҚШ әкімшілігінің нормативтік актілерінде көзделген ерекшеліктер тізіміне енгізілген", - делінген министрлік хабарламасында.
Құзырлы мекеме Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін назарға ұсынды. Оған сәйкес, 2024 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артық (4,1 млрд АҚШ доллары). Қазақстанның АҚШ-қа экспорт көлемі 2024 жылы 30,6 пайызға артып, 2,0 млрд АҚШ долларын құрады. АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 2,2 млрд АҚШ доллары болды.
Қазақстанның АҚШ-қа экспорт құрылымында негізгі орын алатын тауарлар — шикі мұнай, уран, күміс, ферросплавтар және басқа да тауарлар. Бұл санаттағы өнімдер АҚШ президентінің "Тауарлар саудасындағы маңызды және тұрақты тапшылықты жою мақсатында өзара тарифтер арқылы импортты реттеу туралы" Жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92 пайызын құрайды.
"Қосымша баждар белгілі бір тауар топтарына қатысты енгізілетін болады. Бұл санаттағы тауарлардың экспорт көлемі былтыр 95,2 млн АҚШ долларын құрады. Олардың ішінде — фосфор (2024 жылы экспорт көлемі 15,9 млн АҚШ доллары), ферросилиций (12,7 млн АҚШ доллары), линзалар (4,1 млн АҚШ доллары), бидай клейковинасы (4 млн АҚШ доллары), аммоний нитраты (2,4 млн АҚШ доллары). Қабылданған тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының тек 4,8 пайызына ғана әсер етеді. Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін АҚШ тарапымен консультациялар жүргізуге ниетті", - деп қосты министрлікте.
Министрлік Қазақстан 10 жыл бойы Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) мүшесі болып келетінін және сыртқы сауда саясатын жүзеге асыруда ұйымның принциптерін қатаң ұстанатынын еске салды.
"АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастық аясында Қазақстан халықаралық міндеттемелерге сәйкес саудада тең және кемсітушілікке жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді", - деп сендірді министрлікте.
Еске салсақ, Ақ үйде өткен баспасөз жиынында АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар елге, соның ішінде Қазақстанға да баж салығын енгізетінін мәлімдеген еді. Бұл тізімде Ресей аталмаған.
Кейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Ресей мен Беларусь баж салығы салынатын елдер тізімінде неліктен жоқ екенін түсіндірді.
Базалық 10 пайыздық баж салығы 5 сәуірде, ал бірқатар ел үшін "айналы" тарифтер 9-нан бастап енгізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2232819-qazaqstan-sauda-ministrligi-aqsh-tyng-zhanga-bazh-salygyn-engizuine-qatysty-malimdeme-zhasady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.