Жаңа салық режимдеріне өту кезеңі аяқталды: елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны белгілі болды
Жарияланған күні:
1 наурызда жаңа салық режимдеріне өту кезеңі аяқталды. 1,2 млн-нан астам кәсіпкер жеңілдетілген декларация режимін таңдады. 346 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ
2026 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар арнайы салық режимдері жойылып, жаңасы енгізілді. Атап айтқанда, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі жаңартылды, бұл режим дара кәсіпкерлікпен айналысатындарға арналған. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа режим енгізілді.
Жаңа салық режиміне өту үшін қазақстандықтарға 1 наурызға дейін уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, енді жаңа салық режиміне өтпелі кезең аяқталды.
Оның қорытындысы бойынша бизнес субъектілерінің көпшілігі қызметін жүргізудің жеңілдетілген шарттарына бағытталған арнаулы салық режимдерін сақтап қалды немесе таңдады.
1,2 млн-нан астам кәсіпкер жеңілдетілген декларация режимін таңдады. Жеңілдетілген декларация шағын және орта бизнес арасында ең танымал режим болып қала береді.
Бұл режим жылдық кірісі 600 000 АЕК-ке дейінгі (шамамен 2,6 млрд теңге) салық төлеушілерге қолжетімді.
Режимнің артықшылықтары:
- Жалдамалы жұмыскерлер санына шектеу жоқ, бұл еңбек қатынастарын заңдастыруға ықпал етеді;
- бірыңғай КТС/ЖТС мөлшерлемесі 4 пайыз, бұл ретте маслихаттарға мөлшерлемені 50 пайызға дейін төмендету немесе жоғарылату құқығы берілген;
- Қосылған құн салығынан босату.
- Декларацияларды жыл сайын екі рет тапсыру және салықты төлеу.
Өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін 346 мың адам, оның 265 мың жаңадан тіркелгендер қолданады. Осылайша жаңа салық реформасының арқасында 265 мың адам "көлеңкелі" экономикадан шығып, ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі платформалық сервис арқылы жұмысты қоса алғанда, айына 300 АЕК-ке дейінгі (шамамен 1,3 миллион теңге) табысы бар азаматтарға, сондай-ақ жалдамалы қызметкерсіз, эпизодтық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға арналған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді Қазақстан азаматтары және бұрын патент негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы АСР-ді пайдаланған, дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа алмайтын және рұқсат етілген қызмет түрлерімен (40 қызмет түрі) айналысатын қандастар қолдануға құқылы.
Режимнің негізгі артықшылықтары – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін міндеттемелерді орындау барынша оңайлатылды:
- Дара кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді;
- Жеке табыс салығынан босатылады;
- Бір ғана міндеттеме – зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналарды қоса алғанда кірістен 4 пайыз мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлеу.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим азаматтарға ресми түрде жұмыс істеуге, зейнетақы жинағын салуға және әлеуметтік қорғау мүмкіндігін береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз