Әкімшілік рақымшылық: қазақстандықтардың 300 млн теңгеге жуық айыппұлы кешірілуі мүмкін
Жарияланған күні:
Әкімшілік рақымшылық аясында қазақстандықтардың 300 млн теңгеге жуық айыппұлы кешірілуі мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Комитет өкілдері әкімшілік рақымшылық Қазақстан азаматтарын, жеке кәсіпкерлерді, жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң кеңесшілерін әкімшілік айыппұлдардан босатуды қарастыратынын айтты.
Рақымшылық шарасы заңды және лауазымды тұлғаларға, қандастарға, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
Бұдан бөлек рақымшылық сот тағайындаған әкімшілік жазаларға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтарға қатысты жүрмейді.
Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын істер бойынша рақымшылық келесі әкімшілік құқықбұзушылықтарды қамтымайды:
- салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру;
- салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған (есептелген) сомаларын төлеуден жалтару;
- салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомаларын төмендету.
"Аталған құқық бұзушылықтар құрамын рақымшылық жасаудан алып тастау олардың салық салу объектілерін жасырумен және салықтық міндеттемелерді орындаудан жалтарумен байланысты болуына, сондай-ақ мемлекеттің экономикасына елеулі залал келтіруіне негізделген", - деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.
Сондай-ақ комитет микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шартты "таза парақ" тетігі іске асырылғанын еске салды. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі сомасын толық төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды қарастырған болатын. Нәтижесінде микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 278-бабының 1-бөлігі және 275-бабының 5-бөлігі бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілді.
"2026 жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша негізгі салық берешегін 13 млрд теңге сомасына өтеген 19 мың микро және шағын бизнес субъектісіне 4,4 млрд теңге мөлшеріндегі өсімпұлдар және 4,9 млрд теңге мөлшеріндегі айыппұлдар есептен шығарылды", - деп мәлімет берді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Қаржы министрлігінің алдын ала есептеулері бойынша, қаралып жатқан заң жобасын ескерсек, әкімшілік рақымшылық айыппұлдары 298,4 млн теңге болатын 2 370 адамға қатысты болуы мүмкін. Оның ішінде 72,7 млн теңге қарызы бар 448 жеке тұлға және 225,6 млн теңге айыппұлы бар 1 930 жеке кәсіпкер бар.
"Түпкілікті көрсеткіштер заң қабылданып, ресми түрде қолданысқа енгізілгеннен кейін айқындалады", - деп толықтырды комитеттегілер.
Қазақстанда әкімшілік рақымшылық алғаш рет енгізіліп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2394094-akimshilik-raqymshylyq-qazaqstandyqtardyng-300-mln-tenggege-zhuyq-aiyppuly-keshirilui-mumkin/