jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстандықтар кейбір несиелер кешірілгенде салықтан босатылуы мүмкін

    Ақша
    Ақша. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

    Қазақстанда азаматтарды үмітсіз несиелер, соның ішінде алаяқтық жолмен алынған қарыздар кешірілген кезде жеке табыс салығынан (ЖТС) толық босату ұсынылды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе отырысында банктер азаматтардың несие қарызын кешірген кезде оған жеке табыс салығын (ЖТС) салу мәселесі қаралды.

    Қолданыстағы Салық кодексі бойынша есептен шығарылған борыш сомасы қарыз алушының табысы болып саналып, бұл ЖТС төлеу міндетіне алып келеді. Бұл ретте босату 368-бап бойынша кейбір жағдайларда ғана қарастырылады.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, азаматтарды алаяқтық жолмен алынған қарыздарды қоса алғанда, үмітсіз кредиттерді есептен шығару кезінде ЖТС-тан толық босатуды ұсынған.

    Серік Жұманғарин банктердің коммерциялық тәуекелдері мен қарыз алушылардың қиын өмірлік жағдайларын саралау қажеттігін атап өтті. Бұл адамның еркінен тыс жағдайларға байланысты несиені өтей алмай қалған сәттерге қатысты айтылып отыр.

    "Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар қарызын есептен шығарту кезінде ЖТС төлеуден толық босатылуы тиіс. Мұндағы мемлекеттің ұстанымы айқын.

    Алайда егер банк өзінің балансын оңтайландыру және провизияларды тарату үшін коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерін автоматты түрде жоғалтпауы керек. Тәсіл теңдестірілген болуы керек", - деді Серік Жұманғарин.

    Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер уәкілетті мемлекеттік органдарға ҚНРДА-мен бірлесіп егжей-тегжейлі есептеу жүргізуді, "өмірлік қиын жағдай" (мүгедектік, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, мүлік пен кірістің болмауы) өлшемдерінің толық тізбесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді және келесі отырысқа келісілген ұстанымды ұсынуды тапсырды.

    Қазақстандықтар кейбір несиелер кешірілгенде салықтан босатылуы мүмкін

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.