Қаржы

Зектілері

Автокөлігіңізді сақтандыруға кедергі келтіретін КАСКО жайлы 5 миф

Жарияланған күні:

Ағаш көлікке құлады
Көрнекі фото: pixabay.com

КАСКО сақтандыруы жайлы бірнеше таптаурын мен қате түсінік қалыптасқан. Бұл автокөлік иелеріне өз көліктерін сақтандыруға қатысты дұрыс шешім қабылдауға кедергі болады. Ең көп тараған қате пікірлерді талдап көрейік.

№1 миф: КАСКО – міндетті сақтандыру

Барлық қазақстандық автокөлік иелеріне АҚЖМС (азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру) ғана міндетті. КАСКО – ерікті сақтандыру. Ол азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандырудың орнына жүрмейді. Дегенмен, өте тиімді сақтандыру саналады.

Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру сіздің кінәңізден зардап шеккен көлік жүргізушісіне келген залалды ғана өтейді. Бірақ өтемақы сомасына шектеу қойылған (600 АЕК дейін). Кінәлі адамның сақтандыру компаниясы зардап шеккен жүргізушіге өтемақы төлейді, ал айыпты адам өз автокөлігін жеке қаражатына жөндеуге мәжбүр болады.

Егер айыпты жүргізушіде АҚЖМС қолданыстағы полисі жоқ екені анықталса (мысалы, сақтандырудың қолдану мерзімі аяқталған), өтемақыны келіссөздер не болмаса сотқа жүгіну арқылы алуға тура келеді.

КАСКО полисі келген залалды кез келген жағдайда өтейді. Сіз зардап шеккен жүргізуші немесе жол-көлік оқиғасына кінәлі адам болсаңыз да, шығын өтеледі.

№2 миф: КАСКО ескі автокөліктерге тиімді емес

Бұрын КАСКО бағдарламалары тек жаңа немесе қымбат автокөліктерге қолданылатын. Қазір нарықта қаржылық мүмкіндігіңізге байланысты кез келген қолайлы бағдарламаларды табуға болады. Олардың көбі шыққанына 10 жыл болған автокөліктерді КАСКО-ның толық пакетімен сақтандыруға мүмкіндік береді, оның ішіне арнайы ТҚС-да (техникалық қызмет станциялары) жөндеу жұмыстары кіреді.

Қауіп-қатер мен қосымша қызметтері аз бағдарламалар 20 жылға дейінгі көліктерді сақтандыруды қарастырады.

№3 миф: КАСКО ЖКО келген шығынды ғана өтейді

Шынымен де, КАСКО полисі тек ЖКО ғана өтейтін экономикалық тұрғыдан үнемді бағдарламалар бар. Бірақ КАСКО сақтандыру бағдарламаларының басым бөлігі бірден бірнеше қатерлерді өтейтіндіктен, қандай залалдардан қорғану қажеттігін өзіңіз таңдайсыз.

КАСКО толық бағдарламасы автокөлікке қатысты барлық қауіп-қатерді өтейді: ЖКО (жүргізуші кінәсіне байланысты емес), табиғи апаттар (бұршақ, дауыл, су тасқыны, сел, жер сілкінісі), үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері (вандализм, өрт қою, айдап әкету, тонау, оңай шешілетін бөлшектерді ұрлау), найзағай соққысы, ұшатын нысандар мен олардың сынықтарының құлауы, өздігінен өртену, тас жолда тастың соғылуы, мұздың астына құлау, көліктің үстіне қар/мұз сүңгісі/ағаштың құлауы, азаматтық тәртіпсіздіктер мен ереуілдер, террористік шабуылдар.

№4 миф: Егер жақсы дабыл бар болса, КАСКО қажет емес

Сапалы қауіпіздік жүйесі көлікті айдап әкету қаупін 100% болмаса да, азайтатыны рас. Бірақ, бірде-бір үздік дабыл, аяқ астынан болатын басқа да залалдардан қорғай алмайды.

Мысалы, биік қоршаудың артында, үйдің ауласында тұрған көлікке қандай қауіп төніп тұр? Жақында Көкшетауда болған жағдай аяқ астынан кез келген оқиға болуы мүмкін екенін айғақтайды.

Осы жылдың ақпанында тұрғын үй ауласында тұрған Jetour X90 көлігінің үстіне металл құрылғысы құлаған. Ауыр металл көлікке қатты залал келтірген: төбесі мен артқы есігі мыжылып, алдыңғы әйнегі сынды. Жалпы шығын көлемі 5 миллион теңгеден асты. Оны көлік қожайыны тек КАСКО полисінің арқасында ғана өтей алды.

№5 миф: Егер сақтандыру оқиғасы болса, КАСКО өтемақы төлемейді

Барлық сақтандыру компаниялары сақтандыру жағдайы болған кезде, келісімшарттың барлық талабы орындалса, сақтандыру сомаларын өтеуі тиіс. Бастысы бағдарлама шарттарын мұқият оқу керек. Сонда сіз таңдаған полис қандай оқиғаларды өтейтіні түсінікті болады.

Сонымен қатар көлігіңізді айдайтын барлық адамды сақтандыру келісімшартына енізген маңызды. Өйткені, ЖКО кезінде көлікті сақтандыру келісішартында көрсетілмеген адам айдаған болса, сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуден бас тартуы мүмкін.

Автокөліктің ЖКО, табиғи апат немесе ұрлық салдарынан зардап шеккенін, залал қасақана келтірілмегенін растайтын барлық тиісті құжаттарды жинау керек.

Егер бәрі дұрыс рәсімделсе, кедергіге артпен соғылу секілді оқиғалар да өтелуі мүмкін. Ақтөбеде Hundai Tucson жүрізушісі артқа қозғалып бара жатып, бетон қоршауына соғылады. Осындай салғырттық салдарынан көлікке 1,7 млн теңгедей шығын келді. Бірақ жүргізушіде КАСКО полисі болғандықтан, сақтандыру компаниясы жөндеу жұмысын төлеп берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/insurance/2240427-avtokoligingizdi-saqtandyruga-kedergi-keltiretin-kasko-zhaily-5-mif/