Әр елдің зейнеткерлері қанша зейнетақы алады
Жарияланған күні:

Зейнетақы - зейнет жасына жеткен қарияларға берілетін, мемлекет тарапынан әр ай сайын ұсынылатын қаржылай көмек түрі. Оның көлемі әр елде әрқилы болады. Бүгінгі материалда әлем елдеріндегі зейнетақы мөлшерімен танысатын боламыз.
- Әлем елдеріндегі зейнетке шығу жасы әр түрлі: ер адамдар 60-67 жас аралығында, ал әйелдер 58-67 жас аралығында зейнетке шығады.
- Зейнетақы мөлшері ең жоғары елдер қатарына Люксембург (3000 еуроға дейін), Швейцария (2400 еуро), Норвегия (2000 еуро) және Дания (1800 еуро) кіреді.
- Дамыған елдердегі зейнетақы жүйесі әлеуметтік тұрғыдан әділ және инфляцияға қарай өсіп отырады, ал Қазақстанда да жыл сайын зейнетақы мөлшері артып келеді.
Зейнетақы жүйесі - әлем елдерінің өз заңы мен ережелері негізінде әр түрлі көлемде бекітіледі. 2023 жылы БҰҰ ұсынған мәліметтерге сай, әлемде 60-тан асқан зейнеткерлер саны шамамен 1 млрд адамды құраған екен. Мамандар бұл көрсеткіш оған дейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін айтады.
Зейнетақы жүйесі қай елде қалай жұмыс істейді? Қариялардың зейнетке шығу жасы қандай? Ең жоғарғы зейнетақы мөлшері қай елде тіркелген? Осы және өзге сұрақтардың жауабын төменді білетін боламыз.
Әлем елдеріндегі зейнетке шығу жасы
Әлем елдерінде егде жастағы адамдардың зейнетке шығу жасы да әр түрлі. Мәселен, ер адамдар 60-67 жас аралығында зейнетке шықса, әйелдер 58-67 аралығында жұмыспен қош айтысады екен. Мысалы, Түркияда ер адамдардың зейнетке шығу жасы - 60 жасты құраса, әйел адамдар - 58 жаста зейнет жасына келеді.
Ал, Израиль, Италия, АҚШ-та зейнет жасы тым кеш екен. Бұл елдерде адамдар 67 жаста зейнеткер атанады. Сол сияқты Австралия мен Ұлыбританияда да қариялардың зейнетке шығу уақыты кеш көрінеді. Мұнда зейнеткерлер 66 жаста зейнет жасымен қауышады.
Зейнетақы мөлшері ең жоғары елдер
Люксембург
Әдеттегідей зейнетақы мөлшері ең жоғары елдер қатарында Еуропа елдері тұр. Нақтырақ айтсақ бұл сала бойынша Люксембург көш бастап тұр.
Мұнда қариялар айына 3000 еуроға дейін зейнетақы алатын көрінеді. Бұдан ел экономикасы көрсеткіштерінің жоғары әрі мемлекеттің бай екенін аңғаруға болады. Бұл елдің зейнетақы жүйесіне шамамен 100 жыл толған және ол осы уақыт аралығында бірде бір рет өзгерген емес,
Елдегі зейнетақы жүйесі өте қарапайым. Мысалы зейнетақы жарнасы 16%-ды құрайды, оның 8%-ын жұмысшы 40 жыл бойы төлесе, қалған 8%-ын жұмыс беруші береді. Ал, өзін өзі қамтыған кәсіпкерлер ай сайын кірісінің табысының 16%-ын жинақтаушы қорға аударып отырады.
Люксембургте әйелдерде де ерлер де бір жаста, яғни 65 жаста зейнетке шығады. Десе де, денсаулық жағдайына байланысты бұл жас 57-60 жасқа дейін төмендетілуі мүмкін. Бұл ретте зейнеткердің жұмыс өтілі 40 жылдан кем болмауы тиіс. Өйтпеген жағдайда, қариялар мемлекет тарапынан берілетін ең аз көлемдегі зейнетақы мөлшерін ала алады. Мемлекетте мұндай зейнетақының көлемі 2 мың еуроны құрайды.
Ал, егер адамдар елден көшу туралы шешім қабылдаса, онда зейнетақы қорындағы барлық жарнаны өздерімен бірге әкете алады. Сонымен бірге, жолдасы опат болған жандар өз зейнетақысынан бөлек, марқұм жарының да зейнетақысын ала алады.

Швейцария
Швейцария экономиканың басқа да салалары сияқты зейнетақы жүйесі саласында да әлем елдерінен көш ілгері. Мұнда ай сайынғы зейнетақы мөлшері шамамен 2400 еуроны құрайды.
Зейнетақы жүйесі мемлекеттік зейнетақы, кәсіби зейнетақы сақтандыруы, ерікті жеке зейнетақы жинау қоры сынды үш деңгейден тұрады. Елде зейнетке шығу жасы 65 жас, ал орташа зейнетақы мөлшері шамамен 4 мың франкты (2 млн теңге) құрайды.
Скандинавия елдері
Скандинав елдерінде де өзге Еуропа мемлекеттері сияқты зейнетақы мөлшері жоғары деңгейде төленеді. Мысалы Норвегияда зейнеткерлер шамамен 2000 еуро көлемінде зейнетақы алады. Мамандар бұл елде ел экономикасына табыс әкелетін басты сала мұнай өнеркәсібі дейді. Елде базалық зейнетақымен бірге азаматтар тиісті еңбек өтілі немесе сақтандыру жүйесіне аударылған аударымдар арқылы зейнетақы ала алады.
Зейнетақы мөлшері жоғары тағы бір ел - Дания мемлекеті. Мұнда қариялар ай сайын 1800 еуро көлемінде зейнетақы алып тұрады. Мемлекетте базалық зейнетақы мөлшері азаматтың бұған дейін қызмет еткен жұмыс орны мен зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады.
Бірақ, бір қызығы Данияда неғұрлым жоғары жалақыдағы жұмыста еңбек етсең, соғұрлым зейнетақы мөлшері де аз болады. Ал, керісінше адам жұмыс істемей, еңбек өтілі аз болса, онда мемлекет базалық зейнетақы мөлшерін жоғары деңгейде беретін болады. Бұл елдегі зейнетақы жүйесін барынша әлеуметтік тұрғыда әділ әрі әлем бойынша ең үздік зейнетақы жүйесі етеді.
Данияда зейнетақы мөлшері адамдардың жалақысының шамамен 60-70%-ын құрайды. Сол сияқты Еуропада Исландия, Нидерланды, Финляндия, Швеция және Ұлыбритания елдерін зейнетақы жүйесі ең дамыған мемлекеттер қатарына жатқызуға болады.

Испания
Зейнетақы мөлшері жоғары елдердің қатарына Испания жатады. Мұнда жергілікті халық зейнет жасына 65 жастан бастап шығады. Зейнетақы елде инфляциямен бірге өсіп келеді және оның негізіне адамның өмір бойы істеген еңбек өтілі алынады.
Испандықтар зейнетақыны барынша көп алуы үшін, 38 жыл бойы еңбек етіп, зейнатақы қорына ақша аударуға тиіс. Ал зейнеткерлердің денсаулығына кететін шығындар толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Ұлыбритания
Daily Mail басылымының хабарлауынша, елдегі зейнеткерлер ай сайын 958 фунт стерлинг көлемінде зейнетақы алады екен. Мұндай зейнетақыны жасы 66-ға жеткен, зейнетақы қорына 35 жыл бойы аударым жасаған азаматтар ала алады. Тұманды Альбион елінде де зейнетақы мөлшері инфляцияға қарай жыл сайын көтеріліп отырады.
АҚШ
Еуропа мемлекеттерінен бөлек әлемнің өзге де елдерінде зейнетақы көлемі жоғары елдер бар. Солардың бірі - АҚШ. Бұл елде зейнетақы мөлшері шамамен 2880 фунт стерлингті құрайды екен. Бұл сомаға қол жеткізу үшін, зейнеткерлер 35 жыл бойы еңбек етіп, зейнетақы қорына тиісті мөлшерде ақша аударуы тиіс.
Сол сияқты әлемде зейнетақ мөлшері ең төмен елдер де бар. Мұндай елдердің қатарына Оңтүстік Корея, Сингапур және Чили жатады.
Ал, 65 жасқа толған америкалықтар Medicare бағдарламасы аясында тегін медициналық қызметтерге жүгіне алады. Ол ауруханаға жату, дәрігерлерге қаралу және кейбір дәрілерді тегін беру сынды қызметтерді атқарады.
Көргеніміздей дамыған елдердегі зейнетақы мөлшері өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Халқының бай-қуатты өмір сүруі үшін, табыстың басты көзін азаматтарға жұмсайтын бұл мемлекеттердің зейнетақы жүйесі - өзге елдерге үлгі болатыны анық.
Қазақстанда да жыл сайын инфляцияға қарай зейнетақы мөлшері артып отырады. Мәселен, былтырғы жылы елде ең төменгі зейнетақының мөлшері 57 853 теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 62 771 теңгені құрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2209358-ar-elding-zeinetkerleri-qansha-zeinetaqy-alady/