Қазақстанда баласы бар отбасы қандай әлеуметтік төлемдер алады
Жарияланған күні:
Читать на русском
2024 жылы балалы отбасыларға мемлекеттен 1,4 трлн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл сомаға бала туу және бала күтімі бойынша төлемдер, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы және тағы басқа төлемдер кіреді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанда балалы отбасылар мемлекет қолдауына сенім арта алады. Қолдау материалдық көмек ретінде көрсетіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жыл бойы 648,8 мың адам туу және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 895,3 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер алды.
Бала туу бойынша қандай төлемдер бар
378,1 мың адам бала тууына байланысты 64 млрд теңгеге жәрдемақы алды. Оған Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтар, қандастар, сондай-ақ туған, асырап алған немесе қамқоршылыққа алынған балалары бар шетелдіктер өтініш бере алады.
Бұл ретте міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылары емес қазақстандықтарға бала туғаннан (немесе асырап алынғаннан) кейін бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы төленеді. 2024 жылы 126,3 мың адам жалпы сомасы 41,6 млрд теңге осындай төлем алған.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері айлық есептік көрсеткішпен бірге (АЕК) 6,5 пайызға индекстелді.
Биыл бала туу бойынша төленетін жәрдемақы мөлшері:
бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК, немесе 247 716 теңге.
Биыл бала күтімі бойынша жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленетін болады:
бірінші балаға – 5,76 АЕК, немесе 22 648 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК, немесе 26 777 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК, немесе 30 866 теңге; төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушысы болып саналатын жұмыс істейтін азаматтарға бала тууға байланысты жәрдемақыдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер төленді.
Мәселен, 2024 жылы 245,7 мың адам жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда жалпы сомасы 385,6 млрд теңге біржолғы төлем алды. Әлеуметтік төлемдердің орташа сомасы 1 621 299 теңгені құрады.
Бала күтімі бойынша жәрдемақыға балама ретінде жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан осындай төлем тағайындалады. Оны 276,8 мың адам алды, жалпы сомасы 404,1 млрд теңге болды. Орташа алғанда айына 86 758 теңге берілді.
Көпбалалы отбасылар қандай төлемдер алады
Қазақстанда көпбалалы отбасылар қосымша қолдауға сенім арта алады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мен марапатталған аналарға берілетін төлемдермен 818,1 мың адам қамтылған, оның жалпы сомасы 546,3 млрд теңге болды.
Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы кемінде төрт баласы бар отбасына, оның ішінде күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар отбасына тағайындалады. Барлығы 579,5 мың отбасы 474,1 млрд теңгеге осындай жәрдемақы алды.
Жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты және оның шегі болмайды – 8 және одан да көп балалы отбасылар 2025 жылы бір адамға 15 728 теңгеден алады.
"Алтын алқа", "Күміс алқа", бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған аналарды ерекше атап өткен жөн. 2024 жылы 238,5 мың адамға жалпы сомасы 72,1 млрд теңге жәрдемақы берілді.
2025 жылы "Күміс алқамен" марапатталғандарға айына 25 165 теңге, ал қалған аналарға 29 097 теңге төленеді.
Осылайша, 2024 жылы балалы отбасыларға жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер түрінде 1,4 трлн теңгеден астам қаражат берілді. Ал биыл олардың мөлшері ұлғайған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2214101-qazaqstanda-balasy-bar-otbasy-qandai-aleumettik-tolemder-alady/