Қаржы

Зектілері

"Ұлттық қор – балаларға": балалардың шотындағы ақша екі жылдан бері қанша долларға ұлғайды

Жарияланған күні:

ақша ұстап тұрған қыз бала
Ақша ұстап тұрған кішкентай қыз. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында 2025 жылы 18 жасқа толмаған қазақстандық балаларға 129,38 доллар көлемінде қаражат аударылды. Осы орайда Қаржы министрлігінің өкілдері балалардың шотындағы ақша екі жылдан бері қанша долларға ұлғайғанын жария етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында биыл екінші рет қазақстандық балаларға Ұлттық қордан қаражат аударылып отыр.

2024 жылы аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 жылдары туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілген. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар аударылған.

"2025 жылы әр балаға жаплы 129,38 доллар аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды", - деп түсіндірді Қаржы министрлігінің өкілдері.

Жаңа аударымдар туралы ақпаратты eGov.kz порталынан және eGov Mobile мобильді қосымшасынан 2025 жылғы 1 ақпанда көруге болады.

Ал баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН-ін енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан көруге болады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын ала аласыз. Бұдан бөлек балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көруге болады.

Жинақталған соманы балалар 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және жобаның ресонденттері уәкілетті операторлардың ("Отбасы банкі" және "Халық банкі") қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға жұмсай алады.

2025 жылғы 1 қаңтарда бұл мақсатқа 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалған. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 388 өтінім беріліп, оның ішінде 29 542-сі орындалған, 2 964 мың доллары төленген.

Білім беру бойынша 32 183 өтінім жолданып, оның ішінде 23 459 өтінім қанағаттандырылып, 2 352,7 мың доллар төленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2216855-ulttyq-qor-balalarga-balalardyng-shotyndagy-aqsha-eki-zhyldan-beri-qansha-dollarga-ulgaidy/