Қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі жарнасын қалай тексере алады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда медициналық қызметтерді тегін алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде "сақтандырылған" деген мәртебе керек. Оны онлайн тексеруге болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бар, бірақ ол қызметтердің тізімі өте шектеулі және оған мұқтаж жандар ғана үміт арта алады.
Қалған азаматтар медициналық қызметті тегін алу үшін міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы керек және тиісті жарналарды тұрақты түрде төлеуге тиіс. Кейбірі жарнаны өзі төлейді, біреулер үшін төлемді жұмыс беруші, ал басқалары үшін мемлекет төлейді.
Дегенмен кейде жарнаны құю кезінде қателік болуы мүмкін, ондай жағдайда "сақтандырылған" мәртебесі де жоғалады. Мұндай "тосын" жайттардың алдын алу үшін қазақстандықтар жүйеде төлемнің түскен-түспегенін үнемі тексеріп тұруы керек. Оны үйден шықпай-ақ тексеруге болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңізді түрлі онлайн қызмет арқылы тексере аласыз. Біріншіден, қордың сайты арқылы – басты бетте "Сақтандыру мәртебесін тексеру" өрісі бар, оған ЖСН енгізу жеткілікті, жүйе дереу ақпарат береді.
Сондай-ақ мәртебені тексеру үшін Qoldau 24/7 және Damumed мобильді қосымшаларын, сондай-ақ @SaqtandyrýBot Telegram ботын пайдалана аласыз. Сонымен қатар қазақстандықтар оны банктердің мобильді қосымшасынан да таба алады. Бүгінде бұл мүмкіндік Халық Банкі, Kaspi.kz, Банк ЦентрКредит, Forte Bank, Freedom Bank және Bereke Bank клиенттеріне қолжетімді.
Ал жарна сомасы, төлеу мерзімі, төлеуші және берешек туралы толық ақпаратты алу үшін "Электрондық үкімет" порталында "Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған аударымдар және (немесе) аударымдар сомасы туралы ақпарат беру" қызметін пайдалануға болады.
Бұл ретте қандай да бір қиындыққа тап болған азаматтар 1414 нөміріне кез келген уақытта хабарласып, емделу және медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кеңес ала алады.
Еске салайық, Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін қызметті алатын жаңа санат енгізбекші. Ол санатқа мемлекет жарна төлейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2218703-qazaqstandyqtar-mams-zhuiesindegi-zharnasyn-qalai-teksere-alady/