Жұмыссыз қалған азаматтарға арналған төлем мерзімі 6 айдан 4 айға қысқаруы мүмкін
Жарияланған күні:
Алдағы уақытта жұмыссыздық бойынша берілетін әлеуметтік төлем мерзімі 6 айдан 4 айға дейін қысқаруы мүмкін. Еңбек министрлігі негізсіз төлемдердің алдын алу мақсатында жәрдемақы жүйесін қатаң талаптармен қайта жаңартуды қолға алып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бұдан былай жұмыссыздық бойынша өтініш үш күнде емес, 10 тәулікте қаралып, мақұлданған жағдайда, төрт айлық жәрдемақы тағайындалмақ. Осы кезеңде азаматқа кемінде үш жұмыс ұсынылып, негізсіз бас тартқан жағдайда төлем тоқтатылады. Бұл тәртіптің пандемияға дейін болғанын айтқан министр Асқарбек Ертаев, сол ескі жүйеге қайта оралу қажет деп отыр. Сонымен қатар министрлік жүйедегі заңсыз әрекеттердің болғанына байланысты төлемнің шекті мөлшерін қайта қарау мәселесін де күн тәртібіне шығарған.
"Бізде өтініш беріп, жұмыссыз мәртебесі арқылы төлем алуға ұмтылатын азаматтар бар. Тіпті кейбіреуі өтініш беріп, 1 миллион теңгеге дейін алған жағдайлар да тіркелген. Бұл қалыпты жағдай емес. Сондықтан біз барлық есептеу механизмін қайта қарап, нақты әрі шектелген жәрдемақы мөлшерін бекітеміз", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Дереккөз: КТК арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2368434-zhumyssyz-qalgan-azamattarga-arnalgan-tolem-merzimi-6-aidan-4-aiga-qysqaruy-mumkin/