Әскери қызметшілер енді тұрғын үй төлемін туысының пәтерін жалға алуға пайдалана алады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемін пайдалану мүмкіндігі кеңейтілді. Енді әскери қызметшілер жақын туысының үйін жалға ала алады немесе сатып ала алады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемі қарастырылған. Оның екі түрі бар:
- ағымдық – ай сайын төленеді;
- бір реттік – бір аударыммен беріледі.
Қаражатты тұрғын үй сатып алуға және пәтер жалдауға, ипотека төлеуге және тұрғын үй депозиттерін толықтыруға пайдалануға болады. Биылдан бастап ережеге өзгеріс енгізілді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа ережеге сәйкес, енді тұрғын үй төлемдерін мына жағдайларда да пайдалануға болады:
- кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға алу төлеміне;
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеуге.
Сонымен қатар құжат бойынша:
- тұрғын үйді жалға алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалану мерзіміне қатысты шектеу жоқ;
- жалдау шартын міндетті мемлекеттік тіркеу талабы алып тасталды;
- тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу кезінде жақын туыстармен мәміле жасауға қойылған тыйым күшін жойды;
- тұрғын үй алаңының 90 шаршы метрге дейінгі мөлшеріне байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің көлеміне қойылған шектеу алып тасталды.
Қарапайым тілмен айтқанда, әскери қызметшілерге енді туыстарынан тұрғын үй жалға алуға рұқсат етіледі, ал жалға алу мерзімі мен тұрғын үй ауданына шектеу қойылмайды.
Тұрғын үй төлемдерін алушылар жыл сайын 25 қаңтарға дейін төлемдерді алу орны бойынша отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтаманы және арнайы шот бойынша банктен анықтаманы ұсынуға міндетті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2390236-askeri-qyzmetshiler-endi-turgyn-ui-tolemin-tuysynyng-paterin-zhalga-aluga-paidalana-alady/