Қазақстанда зейнетақы жүйесі қалай өзгереді: сарапшылар пікірі
Жарияланған күні:

Енді ел азаматтары зейнетақы жинағын өздері басқара алады. Жұрт қордағы қаржысын жеке компанияларға да аударуға құқылы болады. Арнайы құрылған жұмыс тобы әлемдік озық тәжірибелерді зерделеп жатыр. Нақты шешім алдағы күзде белгілі болады, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Қазақстанда зейнетақы жүйесі реформаланбақ. Қазір елде базалық, ынтымақты және жинақтаушы болып бөлінетін үш сатылы зейнетақы жүйесі жұмыс істеп тұр. Реформа тек соңғы аталған бағытына қатысты болмақ.
"Қазір бұл жүйе жан-жақты зерттеліп жатыр. Әр азаматқа өз жинақтарын басқаруға жағдай жасауға бағытталған. Егер сіз ештеңе өзгерткіңіз келмей, консервативті ұстанымда болсаңыз, онда Ұлттық Банк басқарушы ретінде қала береді. Ал егер жеке компанияға өтіп, кірісті арттыруды ойласаңыз, тәуекелдеріне де жауапты боласыз. Бірақ жинақтарыңызды жоғалтпайсыз. Оған кепілдік беріледі", - дейді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Дидар Тебаев.
Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім қалыпты жүйені жетілдіруге бағытталған. Ең бастысы, ешкім зейнетақысыз қалмайды. Себебі мемлекет төменгі базалық төлемді өтеуге кепілдік береді. Оған қоса, зейнетақыны уақытында төлеп қана қоймай, инфляция мен елдің экономикалық жағдайына қарай, жинақ мөлшерін арттырып отырады.
"Дәл қазір жинақтаушы қордың өзі де былай қарағанда инфляция деңгейінен сәл жоғары табыстылыққа әкеліп отыр. Одан бөлек шамамен 4-5 жекеменшік басқарушы компания бар. Көбісі сол консервативті стратегия ұстанып, жинақтаушы қордан ар жақ-бер жағында табыстылық алып келеді. Бірақ 1-2-уі бар кішкене агрессивті, тәуекелі жоғарырақ стратегиямен жұмыс істейтін. Олар көбірек табыс алып келеді. Мемлекет олардың барлығына 100% жинақты беру мүмкіндігін қолға алып, осыны жасап жатыр. Сол кезде біздің болашақ жинақтарды арттыру мүмкіндігі кішкене кеңейеді", - дейді сарапшы Айбар Олжай.
Бүгінгі күні елімізде 2,5 миллионнан астам зейнеткер бар. Жинақталған қаржы — 26,4 трлн теңге. Жүйені жаңғыртуға қатысты ұсынылған тұжырымдамалық тәсілдер жан-жақты талқыланып жатыр.
Олардың қатарында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының "4+1" моделі, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қызметінің ұсыныстары және Сингапур тәжірибесі бар. Нақты шешім күзде белгілі болмақ.
Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Ғалымжан Абдылахат
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2403929-qazaqstanda-zeinetaqy-zhuiesi-qalai-ozgeredi-sarapshylar-pikiri/
