13-тен 4-ке дейін: Қазақстанда әлеуметтік көмек түрлері қысқарады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда әлеуметтік көмектің 13 түрін 4-ке біріктіру ұсынылды. Сондай-ақ әлеуметтік қолдауды неғұрлым атаулы ету көзделіп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкіметтің Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев премьер-министр Олжас Бектеновке азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер көрсету мәселесі бойынша ұсынылып отырған өзгерістер туралы баяндама жасады.
"Бірінші кезең "шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуге тиіс" қағидатына негізделген және 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптастыруды көздейді", - деді министр.
Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіріледі. 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге мұқтаждық қағидаты негізінде мемлекеттік қолдауды атаулы түрде көрсету жөніндегі ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ мемлекеттен ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берілуінің орынды екені, бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мүмкіндігі қаралды.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері баяндалды. Мәселен медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталып, тиісті фактілер құқық қорғау органдарына жолданды. Сондай-ақ әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Жоғарыда аталған реформалар "Отбасының цифрлық картасы" жүйесінің деректеріне сәйкес әл-ауқат деңгейі "А" – жоғары және "В" – қанағаттанарлық санаттарына жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды. Осы бағытта әкімдіктер "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарға сауалнама жүргізуде.
Биылғы 1 қазаннан бастап халыққа әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабар беріле бастайды. Барлық ұсыныс бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2430675-13-ten-4-ke-deiin-qazaqstanda-aleumettik-komek-turleri-qysqarady/
