jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Елімізде қандай отбасы әл-ауқаты жоғары және ауқатты деп саналады: Еңбек министрлігі түсінік берді

    отбасы
    Отбасы. Көрнекі фото: pexels.com

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қандай отбасы А және В санаттарына жататынын, яғни қайсысы әл-ауқат деңгейі жоғары және ауқатты саналатын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Бұған дейін Қазақстанда отбасылар әлеуметтік әл-ауқаттың бес санаты бойынша жіктелетінін хабарланған еді.

    A – әл-ауқат деңгейі жоғары;

    B – ауқатты деңгей;

    C – қанағаттанарлық деңгей;

    D – экономикалық тұрғыдан осал деңгей;

    E – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей.

    Бүгін Еңбек министрлігінің сайтында материалдық жағдайы жоғары деңгеймен сипатталатын алғашқы екі санатқа – А және В санаттарына отбасыларды жатқызу тәртібі түсіндірілді.

    Санатты анықтау кезінде қаржылық жағдай, бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының, қымбат автокөліктердің, жеке бизнестің және айтарлықтай жер активтерінің болуы сияқты көрсеткіштер жиынтығы ескеріледі.

    "Атап айтқанда, критерийлердің бірі – қаржы жағынан қамтамасыз етілу деңгейі, яғни отбасының әр адамына шаққанда 7 күнкөріс минимумынан басталады. Сондай-ақ адам басына шаққанда 120 шартты шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы, люкс-класс автокөліктері, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ жер учаскелерінің айтарлықтай көлемі және тағы басқалары ескеріледі", - деп түсіндірді Еңбек министрлігіндегілер.

    Бұл ретте аталған белгілердің біреуі сәйкес болса, отбасы автоматты түрде А немесе В санатына жатады дегенді білдірмейді. Бағалау отбасының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығын ескере отырып, кешенді түрде жүргізіледі.

    "Санатты анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтері пайдаланылады. Атап айтқанда, қаржылық жағдай, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, мүлік, көлік құралдары, несиелік міндеттемелер, бизнестің, жер учаскелерінің, жеке қосалқы шаруашылықтың болуы, сондай-ақ отбасының әлеуметтік сипаттамалары ескеріледі.

    Осылайша жеке пәтердің, автокөліктің немесе басқа да жеке мүліктің болуы өздігінен отбасын жоғары қамтамасыз етілген деп тануға негіз болмайды. Қорытынды санат ескерілетін мәліметтердің жиынтығы бойынша анықталады", - деп толықтырды ведомстводағылар.

    Айта кету керек, отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты болып қалмайды. Егер отбасының өмірлік жағдайы, материалдық ахуалы, құрамы немесе мүліктік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізінде бағалау қайта қаралуы мүмкін.

    Азаматтар өздері және отбасы туралы қолжетімді мәліметтерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер ақпараттан қате анықталса, оны тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартады.

    Еске сала кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады. Бұл өзгерістер заңнамада белгіленген қолдау түрлеріне ғана қатысты болады және көзделген ерекшеліктер ескеріледі.

    Елімізде қандай отбасы әл-ауқаты жоғары және ауқатты деп саналады: Еңбек министрлігі түсінік берді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram