Неліктен бала саны бірдей отбасылардың мемлекеттік көмекке мұқтаждығы әртүрлі болады
Жарияланған күні:
Читать на русском
2027 жылдан бастап жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік мәртебесі ғана емес, оның материалдық жағдайы да ескеріледі. Егер отбасының қаржылық жағдайы жақсы болса, жәрдемақы берілмейді. Толығырақ – KAZ.NUR.KZ сайтында.
Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесіне өзгеріс енгізілді. 2027 жылдан бастап әр отбасының әл-ауқат санаты ескеріледі:
A – жоғары деңгей;
B – ауқатты деңгей;
C – қанағаттанарлық деңгей;
D – экономикалық тұрғыдан осал деңгей;
E – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей.
Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы отбасыларға қатысты жаңа ережелер қалай жұмыс істейтінін түсіндіруді жөн көрді.
Қазіргі уақытта көпбалалы отбасы санаты бойынша жәрдемақыны отбасының табысына қарамастан, 4 және одан да көп баласы бірге тұратын барлық отбасы алады. Алайда 2027 жылдан бастап төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі, материалдық жағдайы және өмірлік мән-жайлары ескеріледі.
Ведомство бала саны бірдей екі отбасын мысалға келтірді:
- біріншісінің өз баспанасы, қымбат көлігі, тұрақты жұмысы және жеке кәсібі бар. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, отбасы әлеуметтік жағдайы жоғары "А" санатына жатқызылған.
- екіншісі шағын пәтерде тұрады, ата-анасы жалдамалы жұмыста істейді. Қымбат мүлкі мен қосымша табыс көздері жоқ. Жалпы жағдайына қарай бұл отбасы әлеуметтік саламаттылық деңгейінің қанағаттанарлық "С" санатына жатады.
Демек екі отбасының бала саны бірдей болғанымен, тұрмыс жағдайы мен өз қажеттіліктерін өз бетінше өтеу мүмкіндігі әртүрлі. "А" санатындағы отбасы мемлекеттік көмекке аса мұқтаж болмауы мүмкін. Ал "С" санатындағы отбасы үшін жәрдемақы күнделікті шығындарын өтеуге едәуір көмектеседі.
Жаңа ережелер бойынша бірінші отбасы бұдан былай көпбалалы отбасы санаты бойынша мемлекеттік жәрдемақы алмайды, алайда екіншісі қолдауға үміт арта алады.
Бұл ретте отбасының пәтері, көлігі немесе басқа да мүлкінің болуы оны автоматты түрде әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызбайды. Санат отбасының жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге бағалау арқылы анықталады.
Жәрдемақы тағайындау туралы шешім 8 негізгі бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішті талдағаннан кейін қабылданады. Ақпарат барлық азамат туралы деректерді жинақтайтын және оларды кезең-кезеңімен жаңартып отыратын Отбасының цифрлық картасы аясында алынады.
Жаңа ережелер мемлекеттік жәрдемақылардың 14 түріне қатысты қолданылады. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, "А" және "В" санатындағы отбасыларға бұл төлемдер тағайындалмайды. Ал белгіленген талаптарға сай келетін "С", "D" және "Е" санатындағы отбасылар аталған қолдау түрлерін алу құқығын сақтайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2445012-nelikten-bala-sany-birdei-otbasylardyng-memlekettik-komekke-muqtazhdygy-arturli-bolady/