Жыл басынан бері қанша адам БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағын жеке басқарушыға аударды
Жарияланған күні:

Елімізде зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға сеніп тапсыратын салымшылар саны артып келеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
БЖЗҚ мәліметінше, статистикалық деректер салымшылардың зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға аудару белсенділігі де айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Айта кетейік, 2021 жылдан бастап салымшыларға зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру құқығы берілді.
2023 жылғы шілдеде күшіне енген Әлеуметтік кодекс бұл мүмкіндікті кеңейтті. Атап айтқанда, салымшылар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 50 пайызына дейінгі бөлігін, ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын толық көлемде инвестициялық портфельді басқарушыларға беру мүмкіндігіне ие болды.
Қазір не өзгерді
2026 жылғы қыркүйектен бастап заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Енді салымшылар өз таңдауы бойынша ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын ғана емес, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын да толық көлемде жеке басқаруға бере алады.
Бұл өзгеріс қандай мүмкіндік берді
Аталған жаңашылдық салымшылар үшін өз жинақтарының инвестициялық кірістілігіне ықпал ету мүмкіндігін едәуір кеңейтті. Енді әрбір салымшы өзінің зейнетақы активтерін кім және қандай инвестициялық стратегия бойынша басқаратынын дербес таңдай алады. Сонымен қатар зейнетақы жинақтарын бірнеше инвестициялық портфельді басқарушы мен инвестициялық портфель арасында бөліп орналастыруға болады. Бұл зейнетақы капиталын басқарудың баламалы жолдарын көбейтіп, салымшыларға өз мүддесіне сай шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Осылайша зейнетақы жүйесі салымшы тек сырттай бақылаушы рөлін атқаратын үлгіден адамның ұзақмерзімді зейнетақы жинақтарын басқаруға саналы түрде өзінің қатысуын көздейтін жүйеге біртіндеп ауысуда.
Инвестициялық портал туралы
2026 жылдың басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) invest.enpf.kz арнайы инвестициялық порталын іске қосты. Портал зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға бергісі келетін салымшыларға дұрыс шешім қабылдап, жинақтарын жедел аударуға көмектеседі. Атап айтқанда зейнетақы активтерін басқаруға қатысты негізгі мәліметтер біртұтас цифрлық кеңістікке жинақталған. Соның арқасында салымшылар қажетті ақпаратпен танысып, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ыңғайлы құралға қол жеткізді.
Инвестициялық портал пайдаланушылары:
- инвестициялаудың негізгі ұғымдарымен таныса алады;
- басқарушы компаниялардың әртүрлі кезеңдердегі инвестициялық кірістілігін салыстырып, оның өзгеру динамикасын бақылай алады;
- инвестициялық портфельдердің құрылымын зерделеп, зейнетақы активтерінің қандай қаржы құралдарына орналастырылғанын біле алады;
- инвестициялық декларациялар мен стратегияларды зерттеп, олардың өз мақсаттары мен мүдделеріне қаншалықты сәйкес келетінін бағалай алады.
Деректер талдамасынан салымшылардың инвестициялық құралдарға деген қызығушылығы артып, өздерінің зейнетақы жинақтарын саналы түрде басқаруға ұмтыла бастағанын байқауға болады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, invest.enpf.kz порталы іске қосылған сәттен бастап оның бірегей пайдаланушыларының саны тұрақты түрде өсіп, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шамамен 82 мың адамға жетті. Оның ішінде 27,5 мыңға жуық пайдаланушы салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілген қыркүйек айында тіркелді.
Статистика не дейді
Статистикалық деректер салымшылардың зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға аудару белсенділігі де айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Мәселен 2026 жылғы 1 қаңтар мен 6 қыркүйек аралығында зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға 44 167 адам аударған, ал аударылған қаражаттың жалпы сомасы 69,1 млн теңгені құрады, 2026 жылғы 7 қыркүйек пен 14 қазан аралығындағы қысқа мерзімнің өзінде 32 921 салымшының аударған зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 92,2 млн теңгеге жетті.
БЖЗҚ салымшыларға зейнетақы жинақтарын аудару туралы шешімді әр адам өз бетінше қабылдайтынын еске салып өтті.
Сондықтан шешім қабылдамас бұрын қаражатты басқару шарттарын, инвестициялық портфельдің құрылымын, комиссиялық сыйақы мөлшерін және әртүрлі кезеңдердегі кірістілік көрсеткіштерін мұқият зерделеген жөн. Бұл ретте өткен кезеңдердегі инвестициялық нәтижелер болашақта дәл сондай кірістілікке қол жеткізуге кепілдік бермейтінін, ал инвестициялардың құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін екенін ескеру маңызды.
Салымшылар өзекті деректер мен барлық қажетті ақпаратты invest.enpf.kz инвестициялық порталынан кез келген уақытта таба алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2446374-zhyl-basynan-beri-qansha-adam-bzhzq-dagy-zeinetaqy-zhinagyn-zheke-basqarushyga-audardy/