Қазақстанда зейнетақы жинағын арттырудың жаңа механизмдері қарастырылып жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русском
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін дамыту мәселелерімен айналысатын ведомствоаралық топтың жұмысы жайлы ақпарат ұсынды, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Министрлік сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Алматыда Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кездесу өтті. Оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының" басқарма төрағасы Жанат Құрманов, сондай-ақ қаржы секторының сарапшылары Болат Жәмішев пен Елена Бахмутова қатысты.
Кездесуде болашақ зейнетақы төлемдерінің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету және зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын сақтау мәселелері басты назарға алынды. Қатысушылар азаматтардың зейнетақы құқықтарын нығайтуға, халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге және еңбек қызметі кезеңінде зейнетақы жинақтарын арттыруға мүмкіндік беретін тәсілдерді қарастырды.
Осы мәселелерді кешенді түрде пысықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Талқылау барысында азаматтың болашақ зейнетақысын қалыптастыруда оның барлық құрамдас бөлігін, атап айтқанда, мемлекеттік төлемдер мен еңбек қызметі кезеңінде жинақталатын қаражатты ескеру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қызметкер мен жұмыс берушінің тұрақты жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын арттыруға және халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге ықпал ететін тетіктер қарастырылуда.
Ұсыныстар әзірлеу кезінде зейнетақы жүйесінің дамуына ұзақ мерзімді перспективада әсер ететін негізгі факторлар ескеріледі. Олардың қатарында демографиялық өзгерістер, өмір сүру ұзақтығының артуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және халықаралық тәжірибе бар. Мұндай тәсіл зейнетақы жүйесінің даму барысын тек бүгінгі көрсеткіштер тұрғысынан ғана емес, болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін ескере отырып бағалауға мүмкіндік береді.
Жұмыстың жеке бағыты актуарлық есептеулер мен болжамды бағалауға арналды. Бұл есептеулер ұсынылып отырған шешімдердің болашақ зейнетақы төлемдерінің деңгейіне, азаматтардың зейнетақы құқықтарына және жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына ықтимал әсерін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді, дейді министрліктегілер.
"Бүгінде зейнетақы жүйесін одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін жан-жақты бағалау үшін сарапшылардың білімі мен практикалық тәжірибесін біріктіру маңызды. БЖЗҚ мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын", – деп атап өтті "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов.
"Біздің міндетіміз – зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтылуына мүмкіндік беретін тәсілдерді әзірлеу. Сондықтан ұсынылатын әрбір шешім қазіргі және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, жан-жақты бағалануға тиіс", – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмыстары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және сарапшылар қауымдастығының бірлесуімен жалғасады.
Жұмыс қорытындысы бойынша азаматтардың зейнетақы құқықтарын нығайтуға, жүйенің тұрақтылығын арттыруға және еңбек қызметінің бүкіл кезеңінде жеткілікті зейнетақымен қамтылуына жағдай жасауға бағытталған теңгерімді ұсыныстар әзірленеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2447456-qazaqstanda-zeinetaqy-zhinagyn-arttyrudyng-zhanga-mehanizmderi-qarastyrylyp-zhatyr/