Қаржы

Зектілері

Елорда тұрғыны қалай пәтер ұтып алғанын айтты

Жарияланған күні:

"Сәтті Жұлдыз" лотереясының жеңімпазы
"Сәтті Жұлдыз" лотереясының жеңімпазы. Фото: "Сәтті Жұлдыз" АҚ

Елорда тұрғыны "Сәтті Жұлдыз" ұлттық лотереясының TeleBingo лотереясынан пәтер ұтып алды. KAZ.NUR.KZ тілшісі ірі ұтысқа ие болған жанмен тілдесіп, оның алдағы уақытқа жоспарын білді.

42 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны Владимирдің мамандығы - инженер, мемлекеттік қызметте істейді. Айтуынша, Telebingo лотереясын араға бір тираж салып қатысуды әдетке айналдырған. Осылайша ол айына лотереяға тұрақты түрде 10-15 мың теңге жұмсайтынын айтады.

Бұл жолы Владимир лотерея билеттерін әдеттегідей сайт арқылы сатып алған.

"Сайтқа кіріп, ақша салдым да, бес билеттен тұратын TeleBingo және LOTO 6/49 екі түрлі жиынтығын сатып алдым. Ірі ұтыс шығады деп ойлаған жоқпын. Бірақ билет алатын кезде бәлкім жолым болып қалар деп, әрқашан жақсыдан үміттенетінім рас. Алайда мұндай болатынын күтпедім", - дейді лотерея жеңімпазы.

Владимир лотереялардың LOTO 6/49 ұнатады екен.

"Өйткені ол жерде санды өзің таңдайсың, сондықтан өзіңнің сүйікті цифрларыңа үміттенесің", - дейді ол.

Владимир пәтер ұтқаны туралы сүйінші хабарды "Сәтті Жұлдыз" ұлттық лотереясының қызметкерінен естіген.

"Маған "Сәтті Жұлдыздан" хабарласып, нөміріме ұтыс шыққанын жеткізді. Әрине, мен сенген жоқпын. Алаяқтар хабарласып тұрған шығар немесе әзіл деп те ойладым. Қазіргі заманда ондайға таңғалмайтын болдық қой. Содан кейін сайтқа кіріп, тираждың видеосын көріп шықтым. Сол жерден билетімнің нөмірі шыққанына көз жеткізген соң, көңілім орнына түсті. Бірақ 100 пайыз сендім деп айта алмаймын. Міне, бүгін орталыққа келген соң ғана бойымда сенім пайда болды. Келісімшарт толтырып, құжаттарымды ұсындым", - дейді Владимир.

Владимир пәтер ұтқанын әлі ешкімге тіс жарып айтпаған. Тіпті отбасы мүшелері де бұл қуанышты жаңалықтан бейхабар.

"Отбасым әлі білмейді, мен оларды алдын ала алаңдатып қойғанды қаламаймын. Алдымен мен бұл нәрсенің растығына, әзіл емес екеніне көз жеткізіп алғанды жөн көрдім. Содан кейін ғана жақындарымды қуантамын", - дейді ол.

Владимир пәтердің құнына сәйкес келетін ақшалай ұтысын ипотекалық несиесін жабуға пайдаланатынын айтады.

Ол бұдан бұрын да Telebingo-дан 50 мың теңге көлемінде ұтысқа ие болғанын жеткізді. Жолы болғыш азамат лотереяға қатысуын осымен тоқтатпайды.

"Әрі қарай жалғастыру ойымда бар, достарыма да лотереяға қатысуға кеңес беремін. Алда әлі көлік ұтуға талпынамын, бұл - мүмкін нәрсе. Лотереяға сенбейтіндерге айтарым - сәттілікке үміттеніңіздер. Лотерея билеті қымбат тұрмайды, ал сәттілік өзінің иесін табуға тиіс", - дейді Владимир.

Айта кетейік, жылдың соңына дейін «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясы 22 маусымда көлік ойнатады. Арнайы ұтысқа қатысу үшін 1 800 теңгеге LOTO 6/49 билетін алу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/1968845-elorda-turgyny-qalai-pater-utyp-alganyn-aitty/