Қолма-қол немесе картамен: былтыр қазақстандықтар қандай тәсілмен жиі төлем жасаған
Жарияланған күні:

2024 жылы қазақстандықтардың дені қолма-қол ақшасыз төлем жасаған. Қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 87 пайыз, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Ұлттық банктің мәліметінше, қолма-қол ақшасыз операцияларының өсімінде оң үрдіс сақталып отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, қолма-қол ақшасыз операциялар санының өсуі 13,4 пайыз (жалпы саны – 12,8 млрд операция), көлемі – 17 пайыз (жалпы көлемі – 166,1 трлн теңге) болған. Мәселен, 2024 жылы халық орташа есеппен 453,6 млрд теңгеге күн сайын қолма-қол ақшасыз 35,1 млн операция жүргізген.
2024 жылы халық іске асырған барлық транзакция саны жағынан (98 пайыз) да, көлемі жағынан (87 пайыз) да қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар болған.
"Бұл өз кезегінде қаржылық технологияларға халықтың жоғары сенімін білдіреді, себебі қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізу ыңғайлы әрі уақыт жағынан өнімді", - делінген хабарламада.
2024 жылы қолма-қол ақшасыз транзакциялардың негізгі үлесі банктердің онлайн сервисі арқылы жүргізілген (қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемінің 90 пайызы).
Бұл ретте банктердің онлайн-сервисін пайдаланушылар саны 13 пайызға (25,9 млн-ға дейін) ұлғайған. Бір жыл ішінде интернет пен мобильді банкингтің бір пайдаланушысына келетін онлайн-транзакция көлемі орта есеппен 7 пайызға (6,1 млн теңгеге дейін) өскен.
Ұлттық банк өкілдері клиент банктің онлайн-сервистерін бір рет және одан да көп пайдаланған кезде қолданушылар әрбір банк бойынша жеке-жеке есепке алынатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2220857-qolma-qol-nemese-kartamen-byltyr-qazaqstandyqtar-qandai-tasilmen-zhii-tolem-zhasagan/