"Айына орташа 581 мың теңге": Қазақстанда кейінгі бес жылда педагогтердің жалақысы қалай өсті
Жарияланған күні:

Оқу-ағарту министрлігі кейінгі бес жылда елімізде педагогтердің жалақысы қалай өскенін мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Олардың 300 мыңға жуығы аттестация қорытындысы бойынша біліктілік санаттары үшін үстемеақы алады.
2020 жылдан бастап президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100 пайызға өскен. Сондай-ақ 2023 жылғы қыркүйектен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға артқан. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35 пайыз көлемінде үстемеақы қосылған.
"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін, мұғалімдердің жалақысының мөлшері білімінің, санатының (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейіне және еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ еңбек ету жағдайына байланысты қосымша төлемдер, академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК), тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне (базалық лауазымды еңбекақыдан 100 пайыз) байланысты қалыптасады.
Осылайша, түрлі санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді:
- Педагог-шебер – 50 пайыз;
- Педагог-зерттеуші – 40 пайыз;
- Педагог-сарапшы – 35 пайыз;
- Педагог-модератор – 30 пайыз.
Хабарламада ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлініп жатқаны да айтылған. Олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25 пайызға жоғары болып шықты.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құраған. Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істеп, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады.
Сонымен қатар Қазақстан білім беру ісіндегі жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін ақшалай сыйақымен марапаттауды үрдіске айналдырған санаулы елдердің бірі. 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанған, сыйақы көлемі 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құраған. Марапатталушылардың арасында – Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздары бар.
"Осылайша, кейінгі бес жылда Қазақстан айлық жалақының өсуін ғана емес, үстемеақы төлеу және ынталандыру жүйесін қамтамасыз ету арқылы педагогтердің мәртебесі мен қаржылық әлеуетін көтеру бағытында маңызды бастамаларды жүзеге асырды", - делінген министрлік хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2225412-aiyna-ortasha-581-myng-tengge-zhalaqy-alady-qazaqstanda-keiingi-bes-zhylda-pedagogterding-zhalaqysy-qalai-osti/