jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Мемлекет қарапайым халық үшін 1 пайыздық ипотека ұсынды

    Баспана мен теңге
    Баспана алу. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Мемлекет дәрігерлер, мұғалімдер, агрономдар, мәдениет өкілдері және басқа да мамандар ауылға ағылуы үшін 1 пайыздық ипотека ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

    Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің 2025 жылғы 4 тамызда қол қойған №74 бұйрығы күшіне енді.

    Құжат "Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және қағидаларын" бекіткен Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына өзгерістер енгізіп отыр.

    Жаңарған қағидаға сәйкес, қаладан ауылға аттанған мамандарды қолдау үшін оларға 1 пайыздық ставкасы бар ең арзан ипотека ұсынылады.

    0,01 пайыздан 1 пайызға дейін қымбаттату

    Дегенмен, "Учет.kz" сарапшылары 2025 жылғы жаңа бұйрықтың 2014 жылғы бұйрықтағы шарттарды керісінше, нашарлатып отырғанына назар аудартты. Өйткені 2014 жылдан бері ауылға баратын мамандарға үй сатып алуы немесе өз бетінше салып алуы үшін бұл ипотека аясында қаржы "тегін дерлік", небәрі 0,01 пайыз ставкамен беріліп келген екен. Ал енді қазіргі үкіметтің шешімімен ол ставка 1 пайызға дейін қымбаттатылды.

    Жұманғариннің бұйрығына сәйкес, ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұрақты тұруға көшіп барған денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне енді бұл тұрғын үй несиесі:

    • теңгемен,
    • 15 жылға дейінгі мерзiмге,
    • 1 пайыз мөлшерiндегі жылдық сыйақы мөлшерлемесі бойынша,
    • тұрғын үй сатып алуға,
    • немесе баспананы салуға,
    • кредиттiк шарттар жасасу арқылы беріледі.

    Бәрібір тиімді

    Яғни, тіпті 0,01 пайыздан 1 пайызға дейін 100 есе көтерілгенімен, ипотека бәрібір тиімді болып қалады. Өйткені теңгеде берілетіндіктен, сомасын бәрібір девальвация мен инфляция "жеп" қояды.

    Мұнда бір шарт бар: егер ауылға келген маман сол ауыл не ауданның тұрғынына күйеуге шықса не үйленсе, осы арзан ипотеканы алу құқығынан айрылады.

    Себебі қағида бойынша бір пайыздық несие тек "өтініш берген күнінен бастап соңғы 2 жылда, жұмыс істейтін елді мекені қарайтын ауданда (облыстық маңызы бар қалада, аудандық маңызы бар қалада) маманның, сондай-ақ оның жұбайының және балаларының жеке меншігінде тұрғын үйі жоқ" болса ғана берілетіні нақты көрсетілген.

    Бірақ қағиданың бұрынғы нұсқасы бойынша маманның басында кез келген баспанасы болса, мысалы, ауылдағы туысының не ата-анасының қолында тұрып жатса, бұл ипотека берілмейтін.

    Бұйрықтағы өзгерістер

    Енді жаңа бұйрықпен өзгертілген қағида "жеке меншігінде тұрғын үйі болса" деп нақтылап отыр.

    Бұдан бөлек, арзан ипотека "бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген қарызы жоқ, сондай-ақ соңғы 2 жылда күнтізбелік 90 күннен асатын төлеу мерзімі өтіп кеткен несиесі жоқ" адамдарға ғана берілетіні нақтыланды.

    Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, қаладан ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген медицина мамандарына, мұғалімдерге, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандарына, сондай-ақ ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне келесі 2 түрлі әлеуметтiк қолдау шаралары ұсынылады:

    • біріншіден, 100 АЕК (2025 жылы – 393 200 теңге, ал, 2026 жылы – 432 500 теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді,
    • екіншіден, әлгінде айтылғандай, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1 пайыздық бюджеттік кредит беріледі.

    Қаладан ауылға қоныс аударған осы мамандар арзан ипотекаға коттедж салып аламын десе де еркі. Бірақ онда қаржыны қатты үнемдеуіне, мысалы, құрылысын туыс-туған, көрші-қолаңмен асарлатып жүргізуге, ал, бюджеттік кредитке құрылыс материалдарын ғана сатып алуына тура келеді.

    Немесе өз тарапынан қоса қаржыландыруы керек. Себебі ипотека сомасы шектеулі:

    • ауданның әкімшілік орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 2 500 АЕК-тен (2025 жылы – 9 830 000 теңгеден) аспайтын сомада;
    • басқа ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 2 000 АЕК-тен (биыл – 7 864 000 теңгеден) аспайтын сомада ғана беріледі.

    Қағида бойынша бюджеттік ипотеканы игеруге маманға 22 ай беріледі. Өз бетінше үй салуды таңдаған мамандардан кепілзат ретінде басқа жылжымайтын мүлікті қоюы талап етіледі.

    Шектеулер

    Өзге де шектеулер бар. Қағида бойынша біріншіден, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен (2025 жылы – 180 872 теңгеден) аспауы, екіншіден, тұрғын үй құрылысының жалпы сметалық құны берілетін кредиттің 2 еселенген мөлшерінен асып кетпеуі, үшіншіден, үйдің құрылысы кредит берген сәттен бастап 12 айдан арыға ұзамауы талап етіледі.

    Министрліктің түсіндіруінше, ауылға барған маман бюджеттік кредитке тұрғын үйді жақын туыстарынан – жұбайының және өзінің атасынан, әжесінен, ата-анасынан, соның ішінде асырап алушыдан, балаларынан, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан сатып ала алмайды.

    Мұндай түзету 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданыпты. Өйткені кейбір ары таза емес адамдар бұл қаржыға туыс-туғанының баспанасын сатып алғандай болып, жалған келісімшарт жасасатын схема қолданылған көрінеді. Қаржы игерілгеннен кейін тұрғын үй бұрынғы иесіне қайтарып берілетін болған.

    Ал маман бірер жыл жұмыс істеп, қаласына қайтып кетеді екен. Одан ештеңе өндіріп ала алмаған әкімдіктер берешекті есептен шығарған жағдайлар болыпты. Енді оған тосқауыл қойылуда. Мысалы, егер маман аз уақыт істеп, қалаға қайтса, оның кредитінің өтемі ретінде сатып алған не салған үйін мемлекет алып қоюы мүмкін.

    Мемлекет қарапайым халық үшін 1 пайыздық ипотека ұсынды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.